2021 жылы Маңғыстау облысында 40-тан астам тағайындау болған. Қай қызметкер жылы орнын сақтап қалды? Керісінше, жаңа қызметтің тізгінін ұстаған шенеуніктер кім? Олай болса, облыс және Ақтау қаласы әкімдіктерінде болған кадрлық ауыс-түйісті бірге еске түсірейік.
2021 жылы Маңғыстау облысы әкімінен бастап орынбасарлары және 10 шақты басқарма басшысы ауысты. Атап айтқанда, облыстағы алғашқы ауыс-түйіс Дене шынықтыру және спорт басқармасынан басталды. Маңғыстау облысының экс-әкімі Серікбай Трұмовтың өкімімен басқарма басшысы болып Қанат Жұмабаев тағайындалды. Бұған дейін ол аталған басқарма басшысының орынбасары қызметінде болған.
Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Венера Мұстапаева 14 қаңтар күні облыстық Инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Ал оның орнына басқарма басшысы болып Жанна Тоқбаева келді.
Ақпанда Абзал Меңдібаев Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалып, бірқатар жауапкершілікті өзіне жүктеп алды. Ол бұған дейін «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы қызметін атқарған. Қазіргі таңда бұл қызмет Қуаныш Берішбаевқа берілді.
Одан бөлек Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары лауазымына Нұрлан Жанабаев келді.
Ал «Маңғыстау облысы мүгедектер спорт клубын» Марат Бейсенбаев басқарып жатыр. Марат Бейсенбаев 2012 жылдан бері басқарып келген Ш. Бөлтекұлы атындағы жоғары спорт шеберлігі мектебіне наурыз айынан бастап Әділбек Ниязымбетов басшылық етіп отыр.
Спорт саласындағы тағы бір өзгеріс – облыстық дзюдо орталығына жаңа басшының келуі. Қазіргі таңда орталықтың жұмысы Айбек Имашевке жүктелген.
Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасын үш жыл басқарған Ержан Күмісқалиев жаңа қызметке ауысты. Қазір ол Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары лауазымында жүр. Кейін бұл қызметке Нұрбек Қарасайұлы қосылды.
Көктемнің алғашқы күні Аманғали Нұрдәулетов облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Сондай-ақ облыс әкімінің баспасөз хатшысы болып Гүлмира Әбішова келсе, ол басқарған Қоғамдық коммуникация орталығына Әсел Ауданбаева 9 айдай жетекшілік етті. Қазір бұл қызмет Аида Абулханованың еншісінде.
Оған қоса наурызда облыс әкімі тағы бір орынбасарымен толықты. Яғни, 9 наурыздан бері Бекбол Тілеумұратұлы энергетика, жер, табиғатты пайдалану, төтенше жағдайлар салаларына жауапты болып жүр.
Былтыр Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасына да жаңа басшы келді. Басқармаға экс-әкімнің өкімімен Бердібек Қартбаев тағайындалды.
Тағы бір кадрлық өзгерістің бірі – Рауан Мухаевтың Маңғыстау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы ретінде келуі.
Сонымен қатар облыстың бас ұстазы болып Светлана Түлебаева тағайындалды. Айта кетейік, аталған басқарманы Асқар Сейдалиев төрт жылға жуық басқарған еді. Ал Светлана Дүмбайқызы 2014 жылдан бастап Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы болатын. Ол жаңа қызметке ауысқаннан кейін қалалық білім бөлімінің басшысы болып Бағдат Сырымқызы тағайындалды.
Мамыр айы Светлана Нарешованың Маңғыстау облысы қаржы басқармасына басшы болып келуімен есте қалды.
Маусым облыс әкімдігінің қызметкерлері үшін өзгеріссіз өткен. Есесіне көптен күткен Бейнеу орталық аудандық ауруханасының директоры тағайындалды. Нақтыласақ, 2017 жылдан бері аудандық аурухананың орынбасары болып келген Берік Алдоңғарұлының қызметі өсті.
Соңғы уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасында тұрақсыздық жиі орын алды. Десе де биыл басқарма басшылығының тізгіні Амандық Жұмыровқа тиді. Ол тамыз айына дейін денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келген еді.
Сонымен қатар тамыз төл арна үшін де өзгеріске толы болды. «Маңғыстау» телеарнасының басшысы болған Бекзат Жүсіп жаңа қызметке ауысты. Телеарнаға Ануарбек Бимағамбет директор болды. Ал орынбасары болып Нұрбол Қонжар тағайындалды.
Күздің басты жаңалығы – Серікбай Трұмовтың Маңғыстау облысы әкімі лауазымынан босатылуы. С. Өтелгенұлы аймақты үш жылдай басқарды. Оның орнына 2019 жылдан бастап ҚР Энергетика министрі қызметін атқарып жүрген Нұрлан Ноғаев өңір басшысы болып тағайындалды. Бұл тағайындау аймақ тұрғындарының біраз талқысына түсіп үлгерген еді.
Биыл Маңғыстау өңірін қуаңшылық қысты. Осы ретте мәселеге жауапты басқармалардың ісі сынға алынды. Тіпті, орнығып алған басшыларды да жылы орнынан жылжытты. Серікбай Өтелгенұлы өз орнынан кетпес бұрын облыстың Ветеринария басқармасының басшысы қызметіне Бердібек Марқабаевты тағайындап үлгерді.
Нұрлан Ноғаев қызметіне кіріскеннен кейін араға бір ай салып, облыс әкімдігіндегі кадрлық өзгерістер өз жалғасын тапты. Нәтижесінде 2018 жылы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалған Серік Қалдығұл орнын босатты. Ал басқарманың жаңа басшысы болып Қазбек Тәшімов тағайындалды.
Осы уақытқа дейін облыс әкімінің орынбасары болып келген Нұрлыбай Аққұлов денсаулығына байланысты қызметінен кетті. Екі күннен кейін оның орнына Әлімұхаммед Құттымұратұлы жайғасты. Әзірге Маңғыстау облысының әкімдігіндегі кадрлық өзгеріс осымен тоқтап тұр.
Ақтау қаласы әкімдігіндегі ауыс-түйіс
Ақтау қаласы әкімдігінде де бірқатар тағайындау болды. Алдымен жыл басында Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай штаттан тыс кеңесшісін таңдап алды. Атап айтқанда Ерген Сражанов штаттан тыс кеңесші қызметіне кірісті.
Өмірзақ ауылының әкімі қызметін атқарып келген Ербол Сарыев наурызда Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды.
Сондай-ақ Бекнұр Балиұлы облыстың Самбо федерациясының президенті болып тағайындалды. Біраз уақыттан кейін ол Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы лауазымынан кетті. Оның орнынан Ерлан Әбдіғалымұлы келді. Ол бұған дейін Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеп келген.
Қыркүйекте Ақтау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы лауазымына азаматтық қорғау подполковнигі Жандос Кенжебаев келді.
Қазан айы қала әкімінің орынбасары Серік Гусманның өз еркімен қызметтен кетуімен басталды. Кейін бұл қызмет Алпысбай Таубаевтың жауапкершілігіне жүктелді. Бұған дейін Алпысбай Бұрханұлы Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін атқарған. Қазіргі таңда аталған мекемені Болат Байбузов басқарады.
Сонымен қатар 2021 жылы Н. Жантөрин атындағы облыстық театрдың директоры болып Гүлсина Мерғалиева, «МАЭК-Казатомөнеркәсіп» ЖШС-ның бас директоры лауазымына Талғат Есентүгелов және Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектептің директоры қызметіне Әсел Сайдуғалиеваның тағайындалуымен есте қалды.
Біз өткен жыл ішіндегі ауыс-түйісті түгел тізіп шығуға тырыстық. Кімді ұмыт қалдырдық, кімнің тағайындауы назардан тыс қалды? Пікір қалдырыңыз!
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Коллаж автордан