Президент Әкімшілігінің келісімімен облыс әкімінің орынбасары болып Әлімұхаммед Құттұмұратұлы тағайындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлімұхаммед Құттұмұратұлының мемлекеттік қызметте үлкен еңбек өтілі бар. Мемлекеттік және коммерциялық құрылымдарда басшы қызметінде табысты жұмыс істеді, оның кандидатурасы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісілді.
Әлімұхаммед Құттұмұратұлының "Экономика" және "Құқықтану" мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Ол сондай-ақ, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясының MPA (Master of Public Administration) бағдарламасының магистранты болып табылады. Мемлекеттік қызметте және жеке секторда үлкен жұмыс тәжірибесі бар.
2008 жылдан 2012 жылға дейін жергілікті атқарушы органдарда әртүрлі лауазымдарды атқарды.
2012-2016 жылдары Орал қаласы әкімінің орынбасары, Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы, Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, 2016 жылдың мамыр айынан бастап Махамбет ауданының әкімі қызметін атқарды.
2017 жылдың тамыз айында Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі болып тағайындалды.
2018 жылдың шілде айында Атырау қаласының әкімі лауазымына тағайындалды, онда 2020 жылдың 14 қаңтарына дейін жұмыс істеді.
2020 жылдың қыркүйегінен бастап бүгінгі күнге дейін "Жайықмұнай" ЖШС Бас директорының орынбасары қызметін атқарып келді.
Өңір басшысы облыс активіне жаңа орынбасарын таныстырып, оның алдына Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты міндеттер қойды.