27 қыркүйек күні Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев 6ш/а тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар әкімге өзекті мәселелері туралы айтты. Соның бірі – ыстық судың және жылудың берілуі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге келген тұрғындардың бірі үйді күтіп ұстауға жауапты қызмет көрсетуші «Арман»(ЖЭК) мекемесінің өкілі Ақмарал Құсманованың айтуынша, кейбір тұрғын үйлерде ыстық су берілмесе, кейбірінде ыстық су салқын және лас болып ағады.
-«Арман» тұрғын үйді пайдалану кеңсесінің(ЖЭК) құзырында 2 ш/а 10 тұрғын үй, 6 ш/а 16 тұрғын үй, 8 ш/а 1 тұрғын үй бар. Қазіргі таңда 2 ш/а 10 үйде ыстық су жоқ. Ол туралы «КЖСА» мекемесі хабардар. 6 ш/а 14 үйде ыстық су бар, дегенмен салқын және лас болып ағуда. Ал 6 ш/а 22,26 тұрғын үйге ыстық су берілген жоқ, - деді Ақмарал Құсманова.
«КЖСА» мекемесі басшысының орынбасары Ислам Үсеновтың айтуынша, аталған үйлерге ыстық су берілмеуінің өз себебі бар. Құбырлардағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін 6 ш/а 22, 26 тұрғын үйге ыстық су беріледі.
- Ыстық су берілмеген үйлер бойынша «КЖСА» мекемесі тиісті жұмыстарды жүргізуде. Ақтаудағы құбырлардың 80% астамының тозығы жеткен, біз қаланы 5 аймаққа бөлдік. Сол аймақтардың ішінде төменгі шағын аудандардан бастап құбырларды толық ауыстыру жобамызда бар. 2025 жылға қарай құбырларды ауыстыру жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.