© Суретті түсірген Т. Құсайын
Маңғыстау облысында тұмау ауруларының эпидемиологиялық маусымы биыл 1 қазаннан басталады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлфара Каримова айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, биылғы 2023-2024 жж эпидемиялық маусымға тұмау ауруына қарсы жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа 90 000 доза Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасы сатып алынған. Қазіргі таңда облыс тұрғындары арасындаұұ тұмауға қарсы егуге арналған дайындық жұмыстары жүргізілуде.
-Тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі - вакцинация. Жыл сайын облыста халықтың 10%-дан астамы тұмауға қарсы екпе алады. Тұмау ауруымен күрес жыл сайын тікелей облыс әкімдігінің қолдауымен жүргізілуде. Бұл ауруға қарсы егу үшін жыл сайын тұрақты түрде жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді, - деді Гүлфара Каримова.
2023 жылдың 1 қазанынан бастап медициналық ұйымдарда тұмауға қарсы жоспарлы вакцинация жұмыстары басталады. Ақылы түрде егуді Ақтау қаласындағы «Витал Престиж» жеке клиникасы жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, брифингте спикер тұмауға қарсы кімдер ақысыз негізде екпе ала алатындығы жайлы айтып өтті.
-Ақысыз негізде екпе алатынар санатына медицина қызметкерлері, медициналық мекемелерде диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің балалары, жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі жүкті әйелдер, қарттар үйлерінің тұрғындары кіреді , - деді Гүлфара Каримова.