Маңғыстауда жыл басталғалы 14 768 ЖРВИ және тұмау жағдайы тіркелді. Былтыр осы кезеңмен салыстырғанда ауру деңгейі 10,6%-ға артқан. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыста 7 айында полимеразды тізбек әдісімен анықталған 37 грипп вирусы А/H3N2 анықталды, 100 мың халық санына шаққандағы көрсеткіші - 4,64, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауру деңгейі 4 жағдайға өсіп отыр. Тұмау жағдайының барлығы Маңғыстау облыстық ұлттық сараптама орталығының вирусология зертханасында анықталды.
- Тұмаудың және ЖРВИ таралуының алдын алу мақсатында ауруханалар мен емханаларда, білім беру және тәрбиелеу объектілерінде профилактикалық іс – шаралар күшейтіледі. Тұмау ауруымен күрес жыл сайын тікелей облыс әкімдігінің қолдауымен жүргізіледі. Ауруға қарсы егу үшін жыл сайын тұрақты түрде жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Биыл тұмау ауруына қарсы вакцинаға жергілікті бюджеттен 88 млн 321 мың 500 теңге қаражат бөлініп, 90 000 доза көлемінде «Гриппол плюс» вакцинасы алынды,- деді Бердібек Саралтаев.
Сонымен қатар 1 қыркүйекте облыстағы медициналық ұйымдардың тұмауға қарсы иммундау жүргізуге дайындығы басталады. Облыста тұмауға қарсы егу жұмысы 15 қыркүйектен бастап жүргізіледі. Тұмауға қарсы вакциналауға жыл сайын медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда динамикалық байқауда тұрған балалар, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында оқитын және тәрбиеленетін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қарттарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелердің адамдары, мүгедектігі бар адамдар, екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер, эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша вакцинаьау жүргізіледі.
Айта кетейік, тұмауға қарсы вакцинамен облыс тұрғындарының 10,0 % егу жоспарланып отыр. Ақылы егілу Ақтау қаласындағы Витал Престиж медициналық клиникасында ұйымдастырылады.