Елімізде адам папиллома вирусына қарсы егу қыркүйектің соңында басталады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жанындағы РМК Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының директоры Айнагүл Қуатбаеваның емдеу мекемелерінің басшыларымен кездесуінде вакцинацияға дайындық мәселелері талқыланды.
«11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинация тегін жүргізіледі; Кем дегенде, араға алты ай салып екі дозаны беру ұсынылады. Осыны ескере отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ел бойынша 175 мыңнан астам 11 жастағы қыз баланы қамту үшін 350 мыңнан астам доза вакцина сатып алады. Маңғыстау облысында 8500-ден астам қыз балаға екпе салу үшін шамамен 474 миллион теңгеге 17 мыңнан астам доза сатып алынады», - деді Айнагүл Қуатбаева.
Адамның папиллома вирусы әртүрлі қатерлі ісіктерге, соның ішінде жатыр мойны ісігіне әкелуі мүмкін. Сол үшін дәрігерлер ата-аналар қыздарына дер кезінде екпе салдыруына кеңес береді.