Ұстаздық ұлы міндетім жолындағы басты ұстанымым – шәкірттерге деген махаббат пен мейірімді алға тарта отырып, оларды тек білікті маман ғана емес, қоғамда озық орны бар тау тұлға етіп қалыптастыру. Ертеңгі күні арнайы қызметке барғанда өзгелерді соңынан ерте алатын, сөзі өтімді, идеясы қонымды болуы үшін қазірден жеке пікірі қалыптасқан және сол позициясын ақтап шыға алатын адам болмақ керек. Осындай азамат, азаматшалар қалыптастырып шығару мақсатында Х.Өзбекғалиев политехникалық колледжінде “Парасат” дебат клубын ашып, жетекшілік еттім. Клуб қатысушылары белсенді болып, жарыстарға қатысып, үздік нәтиже де көрсетті. Тәуелсіздік 30 жылдығы қарсаңында облыстық турнирде жүлдемен оралды.
Маңғыстау облысының атынан бір топ қатысушы Татарстанға Digital skills Russia 2023 сайысына қатысып, менің “баптаған тұлпарым” 2-орынды иеленді. Алдымдағы студенттеріме жарысқа қатысып, өзгелерді жеңуді ғана емес, кешегі өзімен жарысып, өзінің болымсыз қасиеттерін жеңуді де қатар үйретемін. Өзінің жалқаулығын, селқостығын жеңген адам өмірдің жеңімпазы болады.
Өзім де, студенттерім де жаңашылдыққа, ғаламдық жаңалықтарға құштармыз. Бұл құштарлығым мені 2023-2024 жылдары “Экипаж х” студенттер жобасына жетекшілік етуге алып келді. Осы жоба студенттері «ENACTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO 2024» көрмесіне қатыстық. Колледжіміздің студенттерінен құралған «Экипаж Х» атты командам «Автокөліктердің электр жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және диагностика жасау» атты әлеуметтік жобасын ұсынып, ақтық кезеңге жолдама алды. Бұл жобаны біз 1 жыл көлемінде Ақтау қаласында жүзеге асырдық.
Жеке хоббиім фотосурет түсіру. Жұмыстағы кәсіби машығыммен қатар шығармашылық қызығушылығымды да қатар дамытқанда өзімді толыққанда үлгі боларлық ұстаз сезінемін. Студенттерімді де жан-жақты, заман талабына сай, сегіз қырлы болуға дағдыландырамын. Ана махаббаты қоғамдық қорымен бірлесіп ерекше балаларға фотокастинг ұйымдастырдым, “Маңғыстау руханият” қоғамдық қорының белсенді мүшесімін. Қорда түрлі мәдени-қоғамдық іс шаралармер айналысамын. Педагогтар арасындағы кәсіби шеберлік конкурсының жүлдегерімін. 2022 жылдан бері Таlап коммерциялық емес акционерлік қоғамының штаттан тыс тренерімін. Қалалық білім бөлімі жанындағы ата аналар кеңесінің мүшесімін. Бұл жетістіктерім маған “қатысты” деген атағы үшін, құжат ретінде тігіп қою үшін емес, өзімді қоғамға қажет, маңызды адам екенімді жете сезіну үшін де қажет. Заты өлсе де, аты өлмейтін ұстаз болып, артымнан өшпес мұра қалдырып, мың жылдық ұрпаққа азық болар ұлы іс тындыру мақсатындағы бастапқы баспалдақтарым деп білемін.
Студенттер арасында өтетін Worldskills чемпионатының облыстық кезеңінде сарапшымын. Көптеген шәкірттерім республикалық конференциялар мен ғылыми зерттеу жобаларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Осы жылы дайындаған студентім облыстық чемпионаттан 1-орын алып, Республикаға жолдама алды.
Бұл біздің жетістігіміздің басы да, соңы да емес. Алар асуымыз әлі алда. Елді әлемге танытатын Қаныштар мен Марғұландарды дайындап шығару – менің азаматтық борышым. Тек танытып қоймай, ел ертеңі жарқын болуына, халық игілігіне жарайтын техника ойлап табуға, сондай өнертабысының, жаңалықтың жаршысы болуға ұмтыламыз. Миының шекарасы ғаламдық деңгейде дамыған тұлғалардың ұстазы болсам арманым жоқ.
Салтанат Лукпанова,
Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары
политехникалық колледжі
техника ғылымдарының магистрі, педагог-модератор,
арнайы пәндер оқытушысы