Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Маңғыстау облысына іссапармен келді. Ол алдымен 17 шағынауданда салынып жатқан оқушылар сарайының жұмысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева оқушылар сарайының алдағы жоспарымен бөлісті.
Оның айтуынша, жалпы аумағы 3,6 гектар оқушылар сарайы екі блоктан тұрады. А блогында оқушылармен жұмыс істеу үшін ғылыми-техникалық, экологиялық, биологиялық, қолөнер, мүсін, фотостудия сынды 172 кабинет қарастырылған. Оған қоса 700 орындық акт залы бар.
- Оқушылар сарайы ашылғанда 150 үйірмемен 5000-нан астам оқушыны қамтимыз. Келесі жылдан бастап үйірмелер саны 200-ден асады және оқушылар санын 7000-ға жеткізу жоспарланған. Оқушылар сарайындағы үйірмелерге тек Ақтау қаласының оқушылары ғана емес, сондай-ақ Мұнайлы, Түпқараған ауданының оқушылары да келіп, қатыса алады, - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.
Ал екінші блок спорт кешеніне арналған. Мұнда жас ерекшелігіне байланысты екі бассейн қарастырылған. Сонымен қатар аэробика, жаттығу залы, йога бөлмелі, жалпы 72 бөлме бар.
Динара Жұмашеваның айтуынша, 2024 жылы шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваның шеберлік сыныбын ашу жоспарланып отыр. Сол арқылы шахматқа қызығушылығы бар жастарға Бибісара Асаубаеваның онлайн қатысуымен шеберлік сабақтары өткізіледі.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов оқушылар сарайындағы үйірмелердің жұмысымен танысып, оның балалар үшін берер мүмкіндігін атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балалардың шығармашылық, зияткерлік деңгейін арттыру үшін елде 100-ден астам ірі нысан салу керек деген тапсырма берді. Ақтау қаласында іргесі қаланған оқушылар сарайы өте маңызды нысанның бірі. Бұл оқушылар сарайы ашылса, балалардың білімін шыңдайтын, қарым-қабілетін ашатын үлкен орда болады деген ойдамын, - деді ҚР Премьер-министр Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар ол "Каспий" су тұшыту зауытының және МАЭК-тің қазіргі жұмысымен танысып, жергілікті әкімдікке жіті бақылауда ұстау қажет екенін ескертті.
- Маңғыстау облысында ең күрделі мәселенің бірі - МАЭК-ның тұрақты жұмыс істеуі. Бұл тек облыс үшін ғана емес, Үкімет үшін де маңызды. Сондықтан бұл жұмыстарды үнемі бақылауда ұстап отырмыз. Үкімет резервінен 4,9 млрд теңге бөлдік. Қаражатқа тиісті құрал-жабдықтар сатып алынып, МАЭК жаңғыртылуы керек. Аталған жұмыстарды график бойынша уақытылы орындауды және алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету керек, - деді Әлихан Смайылов.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Фото автордан