«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры лауазымына бұған дейін мұнай саласында біршама лауазымды қызметтер атқарған, бұрынғы Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров тағайындалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты "Өзенмұнайгаз" сайтына сілтеме жасап.
«ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев «Өзенмұнайгаз» акт залында компания активімен кездесу өткізді.
Төраға орынбасары компанияның өндірістік-техникалық, экономикалық-қаржылық көрсеткіштеріне, жер асты жабдықтары мен арнайы техникаларды жаңарту жалғаса беретініне, Өзен кен орны өндірістік және қаржылық тиімділігін барынша арттыру қажеттілігіне тоқталып өтті.
Жиында Қ.Есқазиев Өзен кенорнының дамуына өлшеусіз үлес қосқан «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Есен Өтеевті «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай және газ өндіру департаментінің бас эксперті қызметіне тағайындалғанын хабарлап, жаңа жұмыс орнына сәттілік тіледі.
Шара барысында мұнай саласында қарапайым операторлықтан бастап бас директорлыққа дейінгі аралықта біршама жауапты қызметтерде 35 жылға жуық абыройлы еңбек етіп, мұнай саласын дамытуға сіңірген зор еңбегі үшін Есен Өтеевтің иығына шапан жауып, адресат тапсырып, еңбек ұжымы атынан шексіз алғысын білдірді.