Қазіргі уақытта су жоғарғы аймаққа циркуляция режимінде, төменгі шағынаудандарға циркуляциясыз беріліп тұр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аймақтың ҚКО-на сілтеме жасай отырып.
- Келесі жылыту маусымына толық дайын болу үшін, 14 сәуірде "МАЭК – Қазатомөнеркәсіп" ЖШС "Каспий жылу, су арнасы" МКК-мен бірлесіп қаланың жылу желілерін сынақтан өткізді. Нәтижесінде екі ақау анықталып ("МАЭК-Казатомпром" ЖШС желісі), оның біреуі жойылды, екіншісін жөндеп жатыр. Тарату желілерінде 45 ақау анықталды ("Каспий жылу, су арнасы" МКК желісі), оның 33-і жөнделді, қалған 12-сі кезең-кезеңмен реттеледі, - деді КЖСА МКК бас инженері Асқар Дүзмағамбетов.
Ол халықты ыстық сумен қамтамасыз ету үшін кәсіпорын қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын, жұмыстың тәулік бойы жүретінін айтты.
- Желілерде Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан желілердің бойындағы үйлерге ыстық су уақытша берілмейді. Олар аяқталғаннан кейін бұл үйлерге де ыстық су барады, - деп қорытындылады спикер.