Маңғыстау облысының әкімі Финляндия елшісімен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу Финляндия елшісі Соили Мекелейнен-Буханист бастаған делегациямен, Финляндиядағы бизнестің Сауда Комиссары Яния Әділбекпен, Финляндия Сыртқы істер министрлігінің Сауда және инвестиция жөніндегі кеңесшісі Оскари Лаукканенмен, фин компанияларының өкілдерімен өтті.
Кездесу барысында Маңғыстау облысы мен Финляндия Республикасы арасындағы қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қала құрылысы, телекоммуникация, білім беру салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ инвестициялық жобаларды қолдау бойынша өңірлік даму институттарымен ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Аймақ басшысы өз сөзінде Маңғыстау облысы өзара тиімді және жемісті ынтымақтастыққа, кез келген ұсыныстар мен бизнес идеяларға дайын екенін атап өтті.
Маңғыстау - дәстүрлі түрде Қазақстан мұнайының 1/4 бөлігі өндірілетін өнеркәсіптік аймақ. Аймақта 67 мұнай және 44 газ кен орны бар. Жылына 18 миллион тоннаға дейін мұнай мен 3 миллиард текше метр табиғи газ өндіріледі.
Сондай-ақ облыста CNPC, Shlumberger, Halliburton, Total, Tenaris, Arcelor Mittal, HeidelbergCement сияқты трансұлттық компаниялардың қатысуымен түрлі саладағы жобалар сәтті орындалып жатыр.
Соңғы бес жылда шетел инвестициясының көлемі 7,0 млрд АҚШ долларын құрады.
Финляндияның Қазақстандағы елшісінің айтуынша, сапардың басты мақсаты - финдік және қазақстандық компаниялар арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнату, осы ретте Қазақстанның батыс аймақтарымен, атап айтқанда Маңғыстау облысымен танысу.
Жиын соңында Нұрлан Ноғаев жергілікті атқарушы органдар бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін кез келген қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.