Ақтаулық Олжас Көшкінбаев үш жыл бұрын қой мен түйе жүнінен бұйымдар жасайтын кәсібін ашқан. Бүгінде оның дайындаған ұлттық нақыштағы көрпелері мен тәпішкелері халық арасында үлкен сұранысқа ие, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олжас Көшкінбаев - осы жоғалып бара жатқан дәстүрді жалғастырып, құндылықтарды жаңғыртуға үлес қосып жүр. Оның айтуынша, бұл істі бастауға ысырапшылдыққа жол бермей, салт-дәстүрді жаңғырту идеясы себеп болған.
-Бұл идея бізге отбасымызбен жиналып, шәй ішіп отырғанда келді. Ысырапшылдықты көріп, бұл дұрыс емес екенін талқылап отырғанбыз. Сөйтіп қой жүнін өңдеп, киіз шәркей тігуді бастап кеттік. Мақсат - қолда бар нәрсенің қадірін біліп, таза экологиялық отандық өнім дайындау болды, - дейді кәсіпкер.
Жас кәсіпкер бұл істі 27 жасында бастаған, негізгі мамандығы - эколог, қазір инженер болып қызмет етеді. Ал аталмыш кәсібін осы негізгі жұмысымен қатар алып жүр.
-«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында «Даму» фондының қолдауымен 5 млн. көлеміндегі грантқа ие болдық. Қазіргі уақытта сол қаражатқа жүн жуатын және компьютерлік тігін машина сатып алдық. Қазір біз жастарға арналған «Махаббат көрпесін» дайындап жатырмыз. Бұдан басқа біз киізден, қойдың жүнінен үйге арналған шәркей дайындаймыз. Оның денсаулыққа пайдасы зор, терлетпейді, иіссіз, таза, табиғи өнім, - дейді Олжас Көшкінбаев.