Ақтауда «Өрмелеп шығып, күн болам…» атты жас ақындар мүшәйрасы өтіп жатыр. Мүшәйраға қатысу үшін 70 ақын шығармасын жолдаған. Оның ішінен қазылар алқасының таңдауымен 25 қатысушы іріктелді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Наурызгүл Тәжедин айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, мүшәйраның басты мақсаты - жас таланттардың шығармашылығын қолдау, шыңдау және оларды көпшілікке таныту.
- Барлығы 25 ақын қатысып жатыр. Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде туған жер, тәуелсіздік тақырыбында өлең шығарса, келесі кезеңде ақынның шығармашылығына ерік береміз. Яғни, ақындар еркін тақырыпта екі өлең жазады,- деді Наурызгүл Тәжедин.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өлең жазу үшін қатысушыларға 20 минут уақыт беріледі. Байқауда 5 комиссия мүшесі өлеңдерді іріктеп, жеңімпаздарды анықтайды.
- Біз өлеңнің мән-мағынасына басты назар аударамыз. Құрылымы мен ұйқасы да маңызды рөл атқарады. Абай атамыздан келе жатқан 11 буынды қара өлең ұйқасы көп кездесті. Дегенмен, ақындар қазақтың 7 ұйқасының ішінен өз таңдауын жасай алады, - деді ақын, қазылар алқасының мүшесі Жандос Демесін.
Бүгін ақындар мүшәйрасының екінші кезеңі өтіп жатыр. Байқаудан кейін елге танымал ақын, журналист Әнуар Бимағамбеттің шеберлік сағаты өтеді. Әрі қарай жеңімпаздардарды марапаттау шарасына жалғасады.