Жұмыс сапары барысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өндірістік нысандарды аралап, олардың жұмысымен танысты. Кәсіпкерлердің шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстарын тыңдады,деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Министрдің сапары «Kaz Fruit Company» көкөніс қоймасынан басталды. Кәсіпорын қызметі 6 мың тоннаға жуық көкөніс пен жемістерді заман талабына сай жасақталған арнайы қоймаларда сақтауға бағытталған.
- Көкөніс қоймалары қажетті температура мен ылғалды қамтамасыз ететін жіті желдету жүйесімен жабдықталған. Біз барлық талаптарды ескердік. Автокөліктер де, жүк көліктері де жеміс-жидек пен көкөністерді уақытылы сауда желілеріне тасымалдайды. Сондай-ақ біздің өңірдің және екі облыстың – Орал және Атырау базарларына жібереміз,- деді «Kaz Fruit Company» ЖШС бас директоры Сафаров Замин Джаффароглы.
Министр аялдаған келесі нысан- «Ақтау» көтерме-тарату орталығы болды. Орталықтың жалпы ауданы 40 мың текше метрді құрайды. Сақтау қуаты 78 мың тонна, оның 20 мың тоннасы климаттық қоймаға тиесілі. Кәсіпорын 200-ден астам жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр. Директоры Бекзат Жеткізгеновтың айтуынша, көтерме-тарату орталығының құрылысы жеке инвестордың қаражаты есебінен жүргізілуде. Нысан келесі жылы аяқталмақ.
- Жеке көкөніс қоймаларын салу делдалдардың қызметінен толық немесе ішінара бас тартуға және қоймадан сапалы өнімді сату үшін жылдың кез келген уақытында қолайлы бағаны таңдауға мүмкіндік береді. Біздің сақтау қуаттылығымызды ескере отырып, еліміздің ірі сауда желілерімен ынтымақтасқымыз келеді,-деді кәсіпорын басшысы Бекзат Жетігенов.
Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, бұл мәселе пысықталуда. ҚР МТИ сауда комитетімен бірлесіп ірі сауда желілерін тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде. Олардың басты талабы – өңірде көтерме-тарату орталықтарының болуы.
Қорытындылай келе, сауда министрі қазір көтерме-тарату орталығы арқылы ірі көтерме айналымды қайта бағдарлау бөлігінде ұлттық заңнамаға түзетулер енгізіліп жатқанын айтты.
- Өңірде осындай орталықтардың ашылуы сауда желілерінің өздеріне тікелей қызығушылық тудырады. Өйткені олар үшін басты проблемалардың бірі – сақтау қуатының жетіспеуі. Көтерме-тарату орталығын құру сауданың өркениетті форматтарын дамытуға ықпал етеді, - деді Арман Шаққалиев.
Сонымен қатар Сауда және интеграция министрі маңғыстаулық 200-ден астам кәсіпкермен және тұрғындармен кездесті. Кездесу соңында келушілерді министр жеке мәселелері бойынша бөлек қабылдады.