Көрші өңірдегі су тасқыны кезінде Маңғыстауға эвакуацияланған 20 отбасы Жыңғылдыға қоныстанды. Жайсыз хабар естілгеннен жыңғылдылықтар ауылдағы бос тұрған 24 үйді тазалап, төсек-орын, ыдыс-аяқ, керек-жарағын түгел апарып, кіруге дайындап қойған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ауыл әкімі Сағыныш Жұбановтың айтуынша Құлсары мен Атыраудан адамдар сәуірдің 6-сынан бастап келе бастаған. Ауылдан ерікті түрде 14 автокөлік шығып, Маңғыстауға келушілерді тегін тасыған.
«24 үлкен адам – әйелдер мен қарттар және 60 бала келді. Келген бойда әзірленген үйлерге орналастырдық. Керек -жарақтарын алып бердік, азық- түлікпен қамтамасыз еттік. 15-16 сәуір күндері Құлсарыдан келген 2 жанұя, Атыраудан келген 4 жанұя ауылдарына қайтты. Қазіргі таңда ауылда атыраулық 14 жанұя бар, оның ішінде 45 бала бар» ,- деді ауыл әкімі Сағыныш Жұбанов.
Ауылға атыраулықтар келеді дегеннен ауыл ақсақалдары, белсенділер, ауылдық әйелдер кеңесі, ауыл жастары - барлығы ұйымшылдықпен ақылдасып, арнайы қорға ауыл болып қаражат жинап, келгендерге қаржылай көмектерін де ұсынған.
«Ауыл адамдары зекетке мал шығарып, етті екіге бөліп, қоныстанушыларға таратты. Ауылдарынан асығыс аттанған олар балаларын қалың киіммен алып шыққан екен, біздің жақта күн ысып тұрған соң, балалардың қалың киіммен жүргендерін көріп жазғы киім алып бердік. Ауылдың ауызбіршілігі ғой, жұмыла көтерген жүк қашан да жеңіл болады деген, қай іске де біршілік болмай, тіршілік болмайды. Бұл да бір сын шақта ауылымыздың сан қырынан сыналған сәті болды» ,- дейді Жыңғылды мәдениет үйінің басшысы Гүлсім Есенова.
Қызылқоғалық 57 жастағы Тұрсынай Дүйсенбекова жиендерін бағысып, қыздарына қолғабыс етуге келген.
«Атырауға үлкен су келеді дегеннен дегбіріміз қашты. Құлсары халқының қиын жағдайын көріп, балаларды уайымдадық. Содан қыздарым жолға жиналып, маған көмектесіп, бірге жүруімді өтінді. Қазақтың қазаққа бөтендігі жоқ қой деп осында келдік. Бізді осы «коттедж» үйге кіргізіп, орналастырды. Иесі қалаға көшіп кеткен азамат екен. Үйін тегін беріп, қоныстануымызға қарсы болмапты. Аналық жүрекжарды алғысымды білдіремін. Жыңғылды ауылының азаматтарына риза болдым. Барлық көмекті жан-жақты беріп жатыр. Көршісі аш отырып, өзі тоя тамақ жемеген ата -бабаның ұрпағымыз ғой. Біздің ас- суымызды түгендеп, не керек екенін сұрап, көмектерін көрсетіп жатыр. Жақсылықтары Алладан мың еселеп қайтсын! Өзім Қызылқоға ауданы, Тайсойған ауылында тұрамын. Қарғын су біздің ауылдың да жанынан өтті. Ауыл азаматтары дер кезінде бөгет қойып, тасқын судан ауылымызды аман алып қалды. Енді Атырау басы аман болса, біз де ел жаққа қозғаламыз. Әзірге күнде хабар алысып отырмыз. Оралдың саяжайларын су шайғанын естіп біраз уайымдап қалдық» ,- дейді Тұрсынай ана.
Жыңғылды ауылының белсенді жастары ауылға келіп қоныстанған жанұялардың балаларына арнап батут ойын алаңын құрып, қаладан арнайы сахналық қойылымы бар әртістерді шақырған.
«Бүлдішіндер ертегі көрсетілімін тамашалап, мәз- мейрам болысты. Тәттілер таратылып, ойындар ойнатылып, балақайлар қатты қуанды. Көңілдері көтеріліп, балалық шағының естен кетпес бір күні болды» , -дейді «Ұлан» бөбекжай меңгерушісі Арай Андиржанова.
Ауыл балалары атыраулық қонақ балалармен де достасып үлгерген. Атыраулық бала өзінің спортшы екенін, кубок пен медалдарының көп екендігін айтқанда жыңғылдылық досы ауылдағы спорт мектебіне ертіп келіп жүр екен. Бала көңілде шекара жоқ. Үлкендердің ұлағатын бойларына сіңірген жас ұрпақ мейірім мен бауырмалдықты жан -жағына шуақ етіп шашып жүретіні анық. Достық пен адамгершілік, татулық пен қайырымдылық көрініс алған ауылдың кіршіксіз тазалығы осы бір қайырымдылық істерден айқын көрінеді.
3 мыңға жуық халқы, 480 түтіні бар Маңғыстаудың бір түкпіріндегі мекен- Жыңғылды ауылы бірліктің керемет үлгісін, қиын шақта қамқорлық танытудың тамаша өнегесін көрсетіп, маңғыстау жұртының абыройын асқақтатты.
Кез келген қиын күн артта қалады. Бір сәт дамылдап, сол сұрапыл шақты адамзат қалай еңсергенін, жанын сыздатқан сол бір сынақтан қалай өткенін есіне алғанда ең алдымен жанашырлық танытып, жанына медеу болған, қол ұшын созып, жәрдемдескен жанды ұмытпайды. «Аштықта жеген құйқаңның дәмі аузыңнан кетпейді» деген сөз осындай сын шақтан қалған.