Ақтауда үлескерлерден қаражат тартуға тек 4 құрылыс компаниясының рұқсаты бар. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Құрылыс ұйымдарының қызметі «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» және «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» екі заңмен орындалады.
– Құрылыс процесіне қойылатын негізгі талаптар «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 68-бабына сәйкес жүргізіледі. Жерге тиісті құқық беру туралы шешімді алғаннан кейін сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленеді. Соған сәйкес барлық коммуналдық қызметтер инженерлік желілерді қосу үшін техникалық шарттарды береді. Кейін қаланың бас сәулетшісімен келісілген нысанның сыртқы келбеті алдын ала жобаланады. Әрі қарай жұмыс жобасы әзірленеді, ол үшін мемлекеттік немесе жеке аккредиттелген компанияның мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алуы тиіс. Осыдан кейін әзірлеуші бізге құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы туралы хабарлама жібереді. Бұл бес кезең - құрылысты бастау процесіне қойылатын негізгі талаптар. Сатып алушы үй алған кезде құрылыс салушыдан аталған құжаттарды талап етуі керек, - деді Дәурен Өтепқали.
Егер сіз үлестік құрылысқа қатысушы болғыңыз келсе, онда жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа қаражатты тарту үшін «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ (ҚЖК) тарапынан құрылысты аяқтау кепілдігі де болуы керек. Үлескер құрылыс салушы мен «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ (ҚЖК) арасындағы келісімге қатыспаса да, ол «аяқталмаған құрылыстан» қорғалатын болады.
– Сондай-ақ құрылыс салушы нысанның қаңқасын көтеріп, жергілікті атқарушы орган – мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан рұқсат алуы керек. Содан соң тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісімдер бойынша үлескерлерден ақша қабылдайтын екінші деңгейлі банк болуы керек. Құжаттар топтамасының бар-жоғын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан немесе қала, аудан әкімдіктерінің сәулет және қала құрылысы бөлімдерінен білуге болады, - деді Дәурен Өтепқали.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, қазір Ақтауда тұрғын үй кешендерін салуға үлескерлердің қаражатын тартуға тек «K7 GROUP», «AKTAU BS СТРОЙ», «TETYS DREAM VILLAGE» және «Юпитер Строй Сервис» компанияларының рұқсаты бар. Ақтауда 33, Жаңаөзенде екі құрылыс компаниясының рұқсаты жоқ. Көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде заңнан тыс жасалған барлық мәміле – алдын ала брондау келісімдері, ескертпелер, инвестициялар, талап ету құқықтарын басқаға беру – жарамсыз деп танылады және тұрғындар ақшаларын тек сот арқылы қайтара алады.