Маңғыстау облысында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен жиырма жылдан бері сексеуіл егу жұмыстары жалғасып тауып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өңірде 2004 жылдан бастап облыстағы елді мекендерді көшпелі құмнан қорғау мақсатында сексеуіл егу жұмыстары кешенді түрде қолға алынған. Басқарма басшысы Әсел Балманова Маңғыстау ауданына қарасты Үштаған ауылында 2007 жылдан бастап тиісті жұмысты жұмыстардың жолға қойылғанын атады.
"Қазір Сенек, Үштаған, Тұщықұдық және Шебір ауылдарының айналасында 3329 га алқапта жасыл оазис пайда болды. Маңғыстау ауданы Үштаған ауылының «Бостанқұм №1», «Бостанқұм №2» жер учаскелері жалпы ауданы 648,8 гектарға жетті", - деді ол.
Сондай-ақ, 2019-2022 жылдары осы бағытта 125 440 000 теңге көлемінде қаржы игерілген.
"2019 жыл қара сексеуіл 88 244 түп, ағаш жүзгін 88 242 түп отырғызылды. 2020 жыл қара сексеуіл 80 000 түп, ағаш жүзгін 77 777 түп, 2021 жыл қара сексеуіл 22 222 түп, ағаш жүзгін 22 222 түпті құрады. Жалпы 3 жылда қара сексеуіл 190 466 түп, ағаш жүзгін 188 241 түп отырғызылды. Бұл жұмыстар өз нәтижесін берді деп ойлаймын. Себебі соңғы жылдарда құм көшкіндері кідіріп, ауылмен құм басу аралығы белгілі бір қашықтықты ұстап отыр", - деді Әсел Аманбекқызы.
Маңғыстау облысында орман орналастыру жобасына биыл зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Аталған зерттеу жұмыстары аяқталған соң, отырғызылған көшеттер тамырын жаю жағдайлары анықталады.
"Сексеуіл ағашы суаруды қажет етпейді. Сондықтан құм тоқтату жұмыстарына кеңінен пайдаланылады. Әрине ауыл тұрғындарының жауаптылығы қажет. Себебі егілген сексеуіл ағаштары сол елді мекеннің тұрғындарының тұрғын үйлері айналасын құм басудан сақтайды", - деді басқарма басшысы.
Үштаған айналасында сексеуіл отырғызу жұмыстары 2021 жылы аяқталған.
"2022 жылы Үштаған, Тұщықұдық, Шебір және Сенек ауылдарындағы барлығы 3328,9 гектар жасыл оазисті қорғау мақсатында Маңғыстау облысы әкімінің қаулысымен «Бейнеу ормандар және жануарлар дүниесін қорғау» КММ-нің қарауына ауыстырылды. Осыған орай Бейнеу орман шаруашылығы мекемесіне қосымша 4 орманшы (әр ауылға 1 орманшыдан) және қосымша 8 көмекші қызметкер жұмысқа қабылданды. Оның ішінде Үштағанда 2 жұмысшы, 1 орманшы жауапты", - деді Ә. Балманова.
Бүгінде сексеуіл отырғызудың нәтижесінде оазис алқаптары пайда болып, бұл аумақ экологиясының жақсаруына да өз септігін тигізіп отыр.