Осыдан үш жыл бұрын банкротқа ұшырап жабылып қалған Бейнеу астық терминалы қайта ашылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Инвестор «Eurasia Translogistics» ЖШС Бейнеу астық терминалы кешенін жаңғырту жұмысын бастап кетті. Ал техникалық жұмыстарды жүргізуге шетелдік мамандар тартылған.
Жобаның жалпы құны 3,8 млрд теңгені құрап отыр. Бірлескен жобаны іске асыру мақсатында «Каспий» ӘКК АҚ тарапынан ішінара қаржыландыру жүргізілген.
Жоба Маңғыстау облысының нарығын ұнмен, жеммен үздіксіз қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа логистикалық тізбекпен жеткізуді оңтайландыруға мүмкіндік бермек.
Бейнеу астық терминалы Бейнеу ауылында жалпы ауданы 12 760 ш.м аумақта орналасқан. Оның ішінде терминалдың тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті өндірістік инфрақұрылым толығымен қарастырылған.
- Бұл көпфункционалды мүліктік кешен аймақ үшін стратегиялық маңызға ие және бұл бағытта жұмыс істей алатын республикадағы жалғыз кешен. 2023 жылдың 9 тамызында Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Халық» қайырымдылық қоры Бейнеу астық терминалының жұмысын қайта бастау үшін көмек көрсету туралы меморандумға қол қойды, - дейді «Каспий» ӘКК департамент директоры Сағынбек Сұлтанғалиев.
Осылайша, бұл жоба еліміздің батыс аймағын азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз етуге және әлеуметтік маңызы бар негізгі тауарлардың біріне бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық статистика бюросының ресми дерегіне сүйенсек, 2024 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша Маңғыстау облысының халқы 786 мың адамды құрайды. Ал былтыр бір жыл ішінде Маңғыстау облысына 70 мыңға жуық АҚШ долларынан астам сомаға 245,8 тонна бидай ұны, 551 мың АҚШ доллары сомасына 440,2 тонна макарон өнімдері импортталған.
- Маңғыстау облысын қажеттілігін өзіміздегі өндірістің ұнымен қамтамасыз ету маңызды. Өңірімізде мұндай зауыттың болуы тасымалдау шығындарын оңтайландыруға және нан-тоқаш өнімдерінің құнын арзандатуға және Қазақстанның басқа облыстарынан да, көрші елдерден де ұн импортына тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді, - дейді Сағынбек Сұлтанғалиев.
Зауыттың элеваторлық жабдығы жүз мың тонна дәнді дақылдарды сақтауға қауқарлы. Астық тазалау мен кептіру жабдығының қуаты сағатына 30 тонна өнім өндіруге жетеді. Бұл кешен толығымен автоматтандырылып, аспирациялық жүйемен қамтамасыз етілген. Ал диірмен кешені тәулігіне 150 тонна және 250 тонна болатын екі ұнтақтау кешені орнатылған. Сондай-ақ сыйымдылығы 400 тонна диірмен сүрлемі бар.
- Терминалдың жұмысын жаңғырту 200 жаңа жұмыс орнын құрып, экспортты ұлғайтуға әсер етпек. Одан бөлек бюджетке салық түсімі артып, наубайхана мен кондитерлік және макарон цехтары сияқты тамақ өнеркәсібімен байланысты кәсіпорындарда өндірістің өсуіне ықпалы тиеді. Бастысы – өңірдің ауыл шаруашылығы қызметін жеммен қамтамасыз ете аламыз, - дейді Сағынбек Сұлтанғалиев.
Айта кетейік 2021 жылы «Бейнеу астық терминалы» ЖШС банкрот деп танылып, көпфункционалды мүліктік кешеннің жұмысы тоқтап қалды. Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы 2021 жылғы 22 қыркүйектегі Президенттің қатысуымен өткен кеңесте Бейнеу астық терминалының жұмысын қайта бастау жөнінде тапсырма берілген еді.