Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылында ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жасы 85-ке келген Кідір Есбосынова атты ақ жаулықты ана өмір сүреді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кідір апамыз жолдасы Жолды Сарғожаевпен 1960 жылы шаңырақ көтерген. Күйеуімен бірге мал шаруашылығын кәсіп етіп, қыста қыстауға, жазда жайлауға көшіп жүріп, 12 баланы дүниеге әкелген. Қазір 4 ұлы мен 8 қызы бар. Балаларының барлығы үйлі-баранды.
- Тұщықұдық ауылында тұрамыз. Отағасым елдің азаматы, ауыл ақсақалы болды. Балаларымның бақытын көруден басқа арманым жоқ. Өз жанұяммен, ұл-қыздарыммен мақтанамын. Ұл-қыздарының жақсы болғаны ата-ана үшін – үлкен өріс. Ұлым да, қызым да, келіндерім мен күйеубалаларым да ешқашан алдымнан кесе-көлденең өткен емес. Әрқашан да иіліп, сыйлап, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп тұрады. Бала мен ата-ананың арасындағы жылу мен махаббаты сезінгенім үшін бақыттымын, - дейді кейуана.
Кідір апамыз үйіне 4 келін түсірген. 4 келінін де өз қызындай көріп, тәрбиелеген. Қазір өзі кенже ұлының қолында тұрады.
- Қазір ел арасында ене мен келін арасындағы келіспеушіліктерге қатысты келеңсіз әңгімелер жиі айтылып жүр. Қазақ «келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» - дейді. Біздің заманда ажырасу аз еді. Мен өз келіндерімді қызымдай, күйеубалаларымды ұлымдай көремін. Жақсы келін ененің топырағынан болады. Қайыненесі жас келін шаңыраққа түскен күннен бастап, жақсысын асырып, жаманын жасырып, білмегенін үйретсе, ажырасу аз болар еді, - дейді ол.
Кейуана жыл сайын атап өтілетін халықаралық отбасы күнімен барша қазақ елін құттықтап, алғаусыз ақ тілегін арнады.
- Өркендеп, өсіп келе жатқан еліміздің әр отбасына бақыт пен қуаныш тілеймін. Жаңа шаңырақ көтерген жас отбасылар өмірдің әр алуан сынағына сынбай, қиындығына мойымай, үбірлі-шүбірлі болып көбейе берсін, - дейді апамыз.