© архив
Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық селолық округіндегі қоқыс қалдықтары көптен алынбаған. Соның әсерінен тұрғындар шіріген иістен тұншығып, үйлерінің есік-терезесін аша алмай отырғандарын айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өңір әкімдігінің телеграм арнасына өтінішін жолдаған тұрғындар қоқыстар уақытылы алынып тұрса, мұншалықты сасық иіс шықпайтынын айтып, шағымданды.
- Еститін құлақ, көретін көз жоқ болып тұр десе де болады. Ауыл басшылары мен депутаттар қайда? Жұмыстар жүйелі атқарылып, неге халықпен санасып отырмайды екен? – дейді тұрғындар.
Ал, Басқұдық ауылы әкімдігінің айтуынша, қоқыс жәшіктеріндегі қоқыс қалдықтарын шығару үшін келісім шартқа сәйкес «Мұнайлы қызмет» мекемесі қызмет көрсетеді. Қызметті апта сайын дүйсенбі мен сенбі аралығында жүргізеді. Қоқыс жексенбі күні ғана алынбайды. Ол күні жауапты мекеменің қызметкерлеріне Еңбек кодексіне сәйкес демалыс.
- Кейбір тұрғын үй иелері мердігер мекемемен келісімшартқа отырмастан, қоқыс тастайтын фактілер өте көп. Бірнеше рет учаскелік полициямен ескерту хаттамасы толтырылып, айыппұл салынды. Алайда бұл тұрғындардың осы қылығына тоқтау болар емес. Қазіргі таңда мердігер мекеме күшейтілген режимде жұмыстар атқарып жатыр. Сондай-ақ, қоқыс мәселесі Басқұдық ауылдық округі әкімінің күнделікті бақылауында, - дейді ауыл әкімдігінің баспасөз қызметі.