© Mir24.tv
Түпқараған ауданының тұрғындары Форт Шевченко қаласы мен Таушық ауылы арасындағы көлік жолы құрылысының бес жылдан бері аяқталмай тұрғанын айтып, шағымданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм арнасына шағымын жеткізген тұрғынның айтуынша, бұл екі аралықтағы жол құрылысын «Алтынқұрық» ЖШС өз мойнына алған. Әйтсе де тас жол құрылысының әлі күнге жартысы бітпей тұрғанын тілге тиек етті.
- Бұл жолдың шаруашылық, туристік маңызы зор. Егер жол толық салынса Форт Шевченко қаласы Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылындағы теміржолға, Таушық аудан орталығына жақындайды. Жолдың екі қапталы толы тарихи ескерткіштер. Ауданның мал шаруа қожалықтарының дені осы жерде. Жолдың нашарлығынан, мобильді байланыстың жоқтығы кесірінен шаруа иелері де, туристік компаниялар да қиындық көріп жүр. Өткен жылы жолды аяқтауға республикадан бөлінген 600 миллионға жуық қаржы игерілмей қалды. Бұл жағдайдан өңір мәслихатының депутаттары мен жергілікті әкімдіктің хабары жоқ емес, - дейді тұрғын.
Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдерінің сөзінше, 2023 жылы «Форт-Шевченко – Таушық» автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарын толық аяқтауға жергілікті бюджеттен 588,7 млн. теңге бөлінген. Орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша шарт мерзімі 2023 жылдың соңында аяқталуы тиіс болған. Алайда, белгіленген уақытта жұмыстар толығымен аяқталмай, мердігер компания сотқа берілген.
- Қазіргі уақытта сотқа берген 3 талап-арызымыздың екеуі ішінара қанағаттандырылды. Ақтау қаласының экономикалық соты мердігерді жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешім шығарды. Бірақ, жұмысты орындауды аяқтау бөлігінде талабымызды қанағаттандырудан бас тартты. Мердігер мекеме соттың шешімімен келіспей, облыстық сотқа шағымданды. Жұмысты аяқтау үшін қалған 39 шақырымға жаңадан сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз. Маусым, шілде айында сараптаманың қорытындысын аламыз деп жоспарлап отырмыз, - деді Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Берік Қабылұлы.