Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев өңір тұрғындарымен кездесті.
40-тан астам адам сұрағы мен ұсынысын айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Министр тұрғындармен кездесуде министрліктің құзыретіндегі көлік және логистика, автожол құрылысы, азаматтық авиация және т.б. салалар бойынша барлық сұрақтарға жауап берді.
Өңір тұрғындары республикалық жолдарды жөндеу, Бейнеу ауданында жаңа теміржол вокзалын салу, жолаушылар тасымалын субсидиялау, қоғамдық көлік жүргізушілерінің жетіспеушілігі, "Маңғыстау-Ақтөбе" бағыты бойынша вагондарды жаңарту, авиарейстер санын ұлғайтуға қатысты мәселелерді көтерді.
Марат Қарабаев Маңғыстау облысында Құрық ауылынан Жетібай ауылына дейінгі жалпы ұзындығы 64 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар жолдың күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталып жатқанын айтты. Құрық теңіз портына апаратын "Құрық-Жетібай" тас жолы еліміз үшін маңызды көлік дәлізі - Транскаспий халықаралық көлік бағытына шығуды қамтамасыз етеді. Осылайша, нысан пайдалануға берілгеннен кейін бүкіл транзиттік ағын тікелей Құрық портына бағытталады. Бұрын жүргізушілер Ақтауда аялдауға мәжбүр болса, енді Жетібай ауылы арқылы теңіз айлағына жете алады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін еліміздің аумағы арқылы негізгі Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығу уақыты тағы 2 сағатқа қысқарады.
Жалпы, Маңғыстау Қазақстандағы ең жақсы жолдары бар аймақ болып есептелінеді. Жолдардың жалпы ұзындығы шамамен 3 мың шақырымды құрайды. Жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көрсеткіші 97%, ал республикалық желі 95% құрайды.
Сондай-ақ, министр жақын арада Ақтау мен Алматы қалалары арасындағы әуе рейстерінің саны 10-нан 12-ге дейін артатынын, "Ақтау-Астана" бағытында Air Astana авиакомпаниясы аптасына 5-тен 7-ге, ал Scat 7-ден 11-ге дейін рейстерді ұлғайтуды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Сонымен қатар Бейнеу ауданында жаңа вокзал салу мәселесін қарастыру жоспарлануда. Биыл теміржолшылар 140 жаңа вагон сатып алса, келесі жылдан бастап жыл сайын 200-ден астам вагон сатып алу жоспарлануда, бұл вагон паркін жаңарту жағдайын айтарлықтай жақсартады.