Елде қыркүйектен бастап 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцина салынады. Бұл қыз-келіншектер арасындағы жатыр мойны обырының алдын алуға мүмкіндік беретін жалғыз жол. Осы орайда mangystaumedia.kz тілшісі адам папиллома вирусы және оған қарсы вакцинаның тиімділігі жөнінде Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадырмен сұхбаттасты.
– Адам папиллома вирусы қандай ауру, оның қаупі неде?
– Адам папиллома вирусы шырышты қабаттардың эпителийіне әсер ететін өте кең таралған вирустар тобы. Оның 200-ге жуық түрі бар, ішінде 14 түрі онкогенді, яғни онкологиялық аурулардың дамуына әкеледі. АПВ-ның 16, 18, 31, 33 типтері өте қауіпті. Әсіресе, кілегей қабаттарға, жыныс органдарына, анал тесігінің айналасына, қынап пен ер адамның жыныс мүшесінде үшкір сүйелдер пайда болса, онда қолайсыздық тудырып, соңы обыр ауруына әкеп соғады.
Қазіргі таңда аталған қауіпті вирус типіне қарсы төрт валентті «Гардасил» вакцинасына қолжеткізіп отырмыз. Вакцина қолданылған 135 елде аурудың көрсеткіші 90 пайызға дейін төмендеген. Адам папиллома вирусы тұрмыстық жанасу, қол алысу, сүйісу, жыныстық қатынас арқылы жұғады. АПВ – жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы. Әлі емі табылған жоқ, ал қолданыстағы химиотерапия, сәулелік терапиядан адамның өмір сүру сапасы нашарлайды. Сондықтан жатыр мойны обырының алдын алу үшін АПВ-ға қарсы вакцинаны пайдалану – басты міндетіміз.
– Қазір облыста жатыр мойны обырымен тіркелген қанша адам бар?
– Жатыр мойны обыры әлем бойынша обыр ауруларының ішінде 1-орында, ал республикада омырау қатерлі ісігінен кейін 2-орында тұр. Жыл сайын республикада жатыр мойны обырының 1 900-ге дейін жаңа жағдайы тіркеледі. Оның ішінде 5 әйелден жатыр мойны обыры анықталып, 600 әйел қайтыс болады. Маңғыстау облысында 475 әйел жатыр мойны обырымен есепте тұр. Былтыр 70 әйелден обыр анықталып, оның 19-ы қайтыс болса, биыл 7 айда 41 әйел жатыр мойны обырына шалдығып, 8 әйел көз жұмған.
– Марал Жұмабекқызы, АПВ-ға қарсы вакцина қаншалықты сенімді?
– Халық арасында вакцинаға қатысты алуан түрлі пікір бар. Дегенмен жатыр мойны обырының алдын алу үшін қолданылатын АПВ-ға қарсы вакцина 2006 жылдан бастап қолданысқа енгізілді. Ең алдымен Австралия, кейін АҚШ, Еуропа елдері, соңғы 5-6 жылда ТМД елдерінде, яғни Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Әзербайжанда сәтті қолданылған. Осылайша, 18 жылдан бері вакцинаның тиімділігі, қауіпсіздігі іс жүзінде дәлелденіп келе жатыр. Сол себепті де қорқатын ештеңе жоқ.
– Қандай вакцина қолданылады және егу жұмыстарына дайындық қалай жүріп жатыр?
– Бүгінгі таңда тұрғындар мен медицина қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің қолданатын вакцина – төрт валентті «Гардасил» вакцинасы. Вакцина өлі вакцинаға жатады, оның құрамында ЭРҚ, ДНҚ жоқ. Тек қана адам папиллома вирусы капсуласының бөлшектері ғана бар. Өлі вакцина бұлшық етке салынады, ал екінші кезеңі 6 айдан кейін жүргізіледі. Біз мұндай өлі вакциналарды практика жүзінде жиі қолданып жүрміз. Мысалы, гепатит А, В, коронавирусқа, тұмауға қарсы қолданылатын вакцинаның барлығы – өлі вакцина. Оның қосымша қолайсыздықтары мен асқынулары әлі тіркелген жоқ. Өте жайлы, жұмсақ вакцина.
– Вакцина алғаннан кейін қандай өзгеріс болуы мүмкін?
– Вакцинадан кейін бұлшық етте ауырсыну, ісіну, қызару немесе дене қызуы көтерілуі мүмкін. Ол 100 мың адамның тек 1-2 ғана болуы мүмкін.
– АПВ-ға қарсы вакцинаны қандай жағдайда салуға болмайды?
– АПВ-ға қарсы вакцинада тұрақты қарсылықтар жоқ. Екпе салатын кезде тұрғынның денсаулығы, дене қызуының болмауы, тамақтың қызармауы және осыған дейін алған вакцина интервалдарының сақталуы, жұқпалы немесе жедел ауруларымен ауырғаны ескеріледі. Кез келген жіті аурулармен ауырған адамға 2-4 аптадан кейін вакцина салынады. Сонымен қатар екпе алушының қарны аш болмауы маңызды. Тағы бір ескеретін жағдай – вакцина жасөспірім қыздарға салынатындықтан олардың эмоционалдық-психологиялық жағдайына көңіл бөлінеді.
Кез келген вакциналау ҚР Денсаулық сақтау жүйесіне және Халық денсаулығы жөніндегі кодекске сәйкес екпе алушының келісімімен, кәмелет жасына толмағандардың ата-анасы келісімімен жүргізіледі. Әрбір вакцина салынатын кезде ата-анамен, баламен екпенің қауіпсіздігі, тиімділігі жөнінде әңгіме жүргізіледі.
– Марал Жұмабекқызы, ақпаратыңыз үшін рақмет!
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Сурет автордан