«Баланы қанша жастан бастап өнер мектебіне берген дұрыс?» деген тақырып төңірегінде М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы, «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің әртіс-аспапшысы, Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің қобызшылар тобының концертмейстері Гүлжамал Аманғалиқызынан сұхбат алдық, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
— Гүлжамал Аманғалиқызы, армысыз! Өнер жолын қанша жастан бастадыңыз?
- Менің өнерге қызығушылығым Жезқазған қаласында оқып жүргенімде 2-сыныпта басталды. Кейінірек Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка интернат мектебіне түстім. Отбасыдағы жағдайыма байланысты өнерді тастап кеттім. Өнерге оралмаймын, енді басқа жерге барамын деген оймен тастап кеткенмін. Бірақ қайтадан өнер жолына келіп, 1997 жылы Ақтауда балалар өнер мектебіне және колледжге жұмысқа тұрдым. Содан бастап сол жерде жұмыс істеп кеттім.
- Сахнаға шығар алдындағы өз бойыңыздағы қорқыныштарды қалай жеңесіз?
- Музыка деген өте керемет. Адам еңбекқор болу керек, өте көп жұмыс жасау керек. Мысалы, әдебиеттен бір шығарма оқып кел десе, бала үйден оқымай сабаққа бір 15 минут қалғанда үзілісте оқып айта салады. Музыка саласында ондай жоқ. Бізде күнделікті еңбек. Бізде моторика деген бар. Бұл әдіспен елдің өнерлі адамдары күнделікті дайындалып, үлкен сахнаға шығады. Сахнаға шыққанда, қорқыныш баста және жүректе болады. Қорқыныш саусақта болмайды.
- Баланы аспапта ойнауға қанша жастан берген дұрыс?
- Әр аспапқа әртүрлі жастан алады. Егер дарынды бала болса, ата-аналары балаларының қабілетін 1-2 жасында байқайды. Егер ата-анасы музыкант болса, мысалы біздің Димашымыз сияқты . Олар балаларын кіші жасынан бастап тәрбиелейді. Егер 1-сыныптың баласы болса нотаны жазып, есептеп үйрене алмайды. Өйткені бала өзі енді-енді жазуды, оқуды үйреніп бастап жатады. Сол себепті кішкентай балаларға қиын болады. Сондықтан 8 жастан бастап өнер мектебіне берген дұрыс болады.
- Сіз өзіңіз өнер мектебін 2-сыныптан бастадым деген едіңіз. Сол уақытта сізге аспапта ойнауға қиындық тудырған жоқ па?
- Заман өзгерген сайын, талап та өзгереді. Қазір заманға сай балаға деген талап өте жоғары. Өйткені мұғалім өз еңбегін көрсеткісі келеді, баланы сахнаға шығарып жемісін көргісі келеді. Қазіргі ата-аналар «балам неге ойнамай жатыр, қабілеті жоқ па» деген сұрақтарды жиі қояды. Біз баламен тұрақты түрде жұмыс істейміз.
- Сахнаға шығарда балалардың қобалжуын қалай басасыз?
- Біз баламен 45 минут отырып дайындаламыз. Мысалы, тұйық балалар болады. Әрқайсысына әртүрлі тәсіл іздеп, қолдауымызды беріп, сахнаға шығатын кезде өзіне сай қолдауды психологиялық тұрғыдан беріп үйретеміз. Соның арқасында балаларымыз сахнаға шығады. Өзінің өнерін, еңбегін көрсетеді. Облыстық, қалалық, республикалық сайыстарға қатысады.
- Егер бала жарысқа қатысқан кезде жүлде ала алмай қалса қандай қолдау білдіресіздер?
- Біз сайысқа қатысқан балаларды салыстырып тыңдаймыз. Балаларда жанымызда отырып өзінің қарсыластарын тыңдап отырады. Сосын кейде бала өзі де «қарсыластарым жоғары екен» деп өз пікірін білдіреді. Түсінгеннен кейін өзіне ашуланбайды, тағы да еңбек қажет екенін, ары қарай өсу керек екенін түсінеді. Және де бұл «Ең бірінші және соңғы байқау емес» екенін айтамыз. Егер де ол дарынды бала болса өзін өсіріп, жоғары деңгейге жетеді.
- Сіз қобызды сандық нотамен үйретесіз бе, әлде классикалық нотамен үйретесіз бе?
- Менің ойымша сандық нотамен үйреткеннің бір қате тұсы бар. Мұғалім баланың қасында өмір бойы жүрмейді ғой. Сандық жүйемен әрі кетсе 10 күй үйренер. Ол бала нотаға қараса түсінбейді. Ал біздің балалар 2 ай сайын емтихан тапсырады. 5 жылды бітіргеннен кейін кез келген нотаны ашып, ойнай береді.
- Бір аспапты жетік меңгеруге қанша жыл уақыт кетеді?
- Қазірдің өзінде мен мына аспапта 30 жыл ойнап отырмын. Менің өзім жаңа бір тәсілді үйренуге тырысамын. Арғы жақта біреу қандай тәсілмен ойнап отырғанын тыңдап, үйренуге тырысамын. Өзін дамытатын адам ары қарай ізденіп, көтерілуге тырысады.
- Менің естуімше домбыра аспабына 5 жыл қажет, ал фортепиано аспабына 7 жыл қажет дейді. Сонда бұл аздық етпейді ме?
- Бұл жыл аралықтары баланы музыкалық тұрғыдан тәрбиелеу үшін қажет. Бұл бала қайда барарын білмей жүрмесін деген ниетте. Қазіргі заманда бала ғаламтор желісінде көп отырмасын, дұрыс емес ортада жүрмесін деген мақсатта ата -аналары алып келеді.
Өнер мектебіндегі балалар ерекше болып көрінеді. Сайысқа бара жатқанда біздің балалар біреуі гитарада, бірі домбырамен, қобызбен, барабанмен қосылады. Солай өздерінің көңілін көтереді, жанындағы жолаушылардың да көңілін көтеріп отырады. Бұның бәрі өнер мектебінің еңбегі.
- Музыкада ойнау сіздің өміріңізге қандай көрік берді?
- Барлық көңіл-күйімді аспаппен әуелендіремін. Қуанышыммен де мұңыммен де бөлісемін.
- Гүлжамал Аманғалиқызы, шынайы әңгімелескеніңіз үшін алғыс айтамыз!
Сұхбаттасқан Адиля Серікбай