Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебінде классикалық гитарадан білім беретін Бауыржан Оразалыдан «Баланы аспапқа баулудың маңыздылығы неде?» деген тақырыпта сұхбат алдық. Оқи отырыңыз, деп ұсынады mangystaumedia.kz.
- Өнер саласында жүргеніңізге қанша жыл болды?
- Қолыма гитара аспабын 6 сыныптан бастап ұстап, кейін өнер жолын жалғастырып кеттім. Алматыда Темірбек Жүргенов атындағы академияны бітірдім. Содан бастап қазір Абыл Тарақұлы атындағы өнер мектебінде сабақ беремін, шәкірттер тәрбиелеймін. Өнер саласында жүргеніме 20 жылға жуықтап қалды.
- Сахнаға шығар алдындағы бойыңыздағы қорқынышты қалай жеңесіз?
- Барлық адамда қобалжу болады. Алайда аспап болғаннан кейін дайындықты күшейту керек. Сахнаға шығар алдында 100%-ға емес 200 пайызға дайын шығу керек. Себебі қорқыныш, аяқ-қолың дірілдеу секілді қобалжулар болады. Сонда қалған 100 пайыз дайындықты сахнада көрсете аласың. Сол себепті күнде дайындалу керек, еңбектену керек. Аспапта күніне 10 минут, 20 минут дайындалу еш көмегін бермейді. Сахнаға арнайы уақыт бөліп отырсаң кез келген сахнаға қорықпай да шығуға болады. Бұның бәрі адамның өзіне байланысты.
- Баланы аспапқа баулудың маңыздылығы неде?
- Біздер өнер мектебінде балаларға арнайы ноталармен үйретеміз. Балаларды қызықтыру үшін, баланы өзіңе баурап алу үшін әр баланың өзінің мінезіне сай көп нәрсемен қызықтыруға болады. Балаға ноталық грамматиканы бірден үйретпейміз. Ең алдымен баланың өзінің ұнататын әндерін үйретіп, бірте-бірте грамматиканы үйрете бастаймыз. Қысқаша айтқанда баланы не қызықтырады, не тыңдайды соған қарай үйретіп, өнерге деген сүйіспеншілікті бойына дарытамыз.
- Сахнаға шығарда балалардың қобалжуын қалай жеңуге болады?
- Күнделікті дайындық қажет. Біздің кезімізде күніне 7-8 сағаттан дайындалатын болсақ, қазіргі балалар олай дайындалмайды. Сол себепті күніне таңертең жарты сағат қолыңды жаттықтырып, кешкі уақытта 2 сағат дайындалу керек деп балаларға жиі айтып отырамыз. Осылай күніне 2 сағат дайындалатын болса іште қобалжу болғанымен, саусақта қобалжу болмайды.
- Гитараны сандық нотамен үйретесіз бе, әлде классикалық нотамен үйретесіз бе?
- Оқушы ең алғаш келген кезде баланы қызықтырып гитараның тарихын айтып, өзіне ойнатып көремін. Сандық жүйемен де нотамен де үйретемін.
- Сандық нотамен гитараны үйрету болашақта балаға кедергі келтірмей ме?
- Жоқ кедергі келтірмейді.
- Бір аспапты жетік меңгеруге қанша жыл уақыт кетеді?
- Аспапты 10 жыл үйренсең де меңгеріп алдым деген болмайды. Аспапта өмір бойы ойнайсың, ізденесің.
- Гитара аспабында ойнау сіздің өміріңізде қаншалықты маңызды?
- Біздің отбасымызда музыканттар жоқ. Мен ағаларымды, достарымды тыңдап гитараға қызығып бастадым. Кейін өзіме осы аспапты меңгеруім керек деген мақсат қойдым. Менде гитараны жалғастыру деген ой болмады. Өзімнің қызығушылығым арқылы колледжге түстім. Әрбір адам өзінің ішкі күйін әртүрлі шығарады. Біреу боксқа барады деген секілді. Ал біз музыканттар әннің тарихын біліп, жан-жүрегімізбен сезініп ойнаймыз.
- Бауыржан ағай, уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге алғыс білдіреміз.
Сұхбаттасқан Амира Серікбай