2024 жылдың шілде айының жиырма алтысы күні Франция астанасы Парижде отыз үшінші жазғы олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Өткен Токио олимпиадасында тәуелсіз Қазақстан бірінші рет алтынсыз қалды. Басқа спортты былай қойғанда, 1996 жылдан бері бокстан алтын алуды тоқтатпаған Қазақстан Токиода тек қоланы қанағат қылды. Әуесқой бокста 2005 жылғы әлем чемпионы болған жерлесіміз Ердос Үсенұлы Жаңабергеновті сөзге тартып көрдік.
- Олимпиададан, оның ішінде өзіңіз топ жарған бокстан қанша медаль күтесіз?
- Жақсы нәтиже күтеміз. Жақсы көрсеткіш болса, қай қайсымызға да абырой ғой.
- Боксшыларымызға жеке-жеке болжам жасап көрелік. 51 килограмда 2021 жылы әлем чемпионы болған Сәкен Бибосынов Еуропа чемпионы Сәмет Гүмішпен айқасады. Егер Сәкен жеңетін болса ширек финалда Токио олимпиадасының чемпионы, Уел Баркер кубогының иегері Хасанбай Дусматовпен кездеседі. Осыған дейін біресе Сәкен, біресе Хасанбай жеңіп жүрді.
- Сәкеннің қазіргі қарқыны нашар деп ойламаймын. Өзбекстаннан екі дүркін олимпиада чемпионы шығуы қиын деп ойлаймын. Дусматовтың екі дүркін олимпиада чемпионы болуы қиын, шынында. Оларда 57 килограмдағы боксшыға ту тапсырды. Сол үшін де жаттықтырушылар аса ауыр салмақтағы Бахадүр Жалоловқа бар күш-жігерін салады. Сәкен мықтылығын, шапшаңдығын көрсетсе, жеңеді. Үміт күтіп отырған баламыздың бірі осы Сәкен.
- 54 килограмда 2023 жылы Ташкентте әлем чемпионы болған Махмұт Сабырхан осы жолы 57 килограмда 2023 жылы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, испан боксшысы Хосе Гуелос Бротеспен жекпе-жекке шығады. Бұл салмақта Махмұт Сабырханның дене тұрқы кішкентай, іріктеу турнирінде техникасының басымдылығымен алға шықты. Боксшымыз ширек финалға шығып жатса, басқа қарсыластардай денесі мығым, бойы ұзын әлем чемпионы Әбдімәлік Халоковпен қолғап түйістіруі мүмкін.
- Әуелі Халоков емес, бірінші қарсыласын жеңуі керек. Бәріміз тілекшіміз ғой, дегенмен 57 килограмды Махмұттың салмағы емес деп есептеймін. Жылдамдық жағынан әңгіме жоқ, физикалық әлеуеті мықты емес. Іріктеу турнирінің өзі қиын болды. Әлеуметтік желіде асыра сілтеу көп. Махмұттың Ломаченкоға қай жағы тең келеді? (Василий Ломаченко – олимпиаданың екі дүркін, кәспқой бокста бірнеше салмақта әлем чемпионы болған Украина боксшысы - ред) Ломаченко болу – қарсыластың демалуына мүмкіндік бермеу. Соңғы кездері Махмұт қатты зерттеліп жатыр. Елорда кубогында өзбек қарсыласының қаншама соққысын өткізіп алды. Енді олар соған қарап дайындалады. Асыра сілтеудің қажеті жоқ еді, өте қиын. Бірінші бәсекені көрйік, соны жеңсе ғана Халоковты ойлауға болады. Халоков – оңай шағылатын жаңғақ емес. Ту ұстап шыққан жігіт, ол да намысты қолдан бергісі келмейді. Махмұтқа жеңіс тілеймін.
- 63,5 килограмда өткен жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов емес, Дулатты спаррингте жеңген Мұхаммедсабыр Базарбайұлы олимпиадаға барады. Бұл жігіттің қарқыны жайлы ойыңыз қандай?
- Бір жарым айда 8-9 жекпе-жек өткізген жігіт қой. Сол айқастар оны шаршатпай, тәжірибе болса, соңы жақсы болар. Егер шаршап, демалған болса, әлбетте қиындау.
- Уақыт бөлгеніңізге рақмет. Аман-сау болыңыз.
Олимпиадаға көк туымызды көтеріп барған 71 килограмдағы әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов бірінші айналымда жеңіліп, жарыс жолын аяқтады. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевтың қарсыластары да оңай емес, тек жеңіс тілейміз.
Жарас Мақсатұлы