
Атқарушы билік пен халықтың ортақ мүдде орайында ықпалдасуында қоғамдағы азаматтық белсенділігі жоғары адамдардың заң және белгілі ұйымдар аясында бірлескен іс-қимылының маңызы жоғары. Өйткені бұл ортақ әрекеттер кезегінде елдегі, соның ішінде Маңғыстау облысында азаматтық қоғамның дамуына жол ашады. Осы орайда, біз «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-тың басқарма төрағасы Лима Диаспен сұхбаттасып, азаматтық қоғамды дамыту және бұл бағытта мемлекет қабылдап жатқан шаралар туралы әңгімелескен болатынбыз.
– Лима Диасқызы, тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанның азаматтық қоғамы тұрақтылық пен институционалдық дәстүрлерді сақтауда мемлекеттің сенімді серіктесі болған бірнеше ұйымнан тұтас институтқа дейінгі жолдан өтті. Осы орайда, бізді бірінші кезекте Орталықтың Маңғыстау облысының жергілікті үкіметтік емес ұйымдар үшін мемлекеттік гранттар бөлудегі алғашқы тәжірибесі қызықтырады.
– Сөзіңізбен толықтай келісемін. Тәуелсіздіктің маңызды жетістіктерінің бірі үкіметтік емес ұйымдардың кәсіби, белсенді және тәуелсіз қоғамдастығы болып табылады. Бұл мемлекетіміздің алдында тұрған міндет. Сондықтан азаматтық қоғамды қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық міндеттерінің біріне айналған. Осы орайда, бұл бағытта мұнайлы өлкенің жетістіктерін ерекше атап өтуге болады.
Маңғыстау облысы – Бірыңғай грант операторы арқылы жергілікті үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) мемлекеттік гранттарды бөліп жүрген көшбасшы аймақ. Атап айтқанда, 2022 жылы өңірде жалпы сомасы 135 млн теңгені құрайтын 14 грант жариаланды. Әрине, әу баста мемлекеттік гранттың не екенін білетіндер аз болды. Көпшіліктің гранттың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алдында бәсекеге қабілетті болатынына сенбегені де анық.
Дегенмен, сең қозғалды. Ал 2023 жылы 43 гранттың жалпы сомасы 329,2 млн теңгені құрады. Сөйтіп, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 589 млн теңгеге жетті. Бұл дегеніміз – 57 грант. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы тек облыстық басқармалармен ғана емес, сонымен қатар Жаңаөзен қаласымен, тіпті, аудандық бөлімдермен де жұмыс істейді. Осы орайда, Жаңаөзен қаласының ҮЕҰ-ларға гранттар бөлетін жалғыз моноқала екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданымен жұмыс істеудің қызықты кейсі болды.
– Неліктен үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстан гөрі гранттық жобаларға көбірек қызығушылық танытады?
– Бұның басты себебі – мемлекеттік гранттың бірқатар маңызды артықшылықтары. Біріншіден, мемлекеттік гранттар азаматтық бастамаларды қолдауға, ҮЕҰ әлеуетін әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге тартуға бағытталған. Мемлекеттік орган алдымен мәселені айқындайтын бағыттардың тізбесін жасайды. Содан кейін әрбір өтініш беруші бұл мәселені шешу бойынша өз нұсқасын ұсынады. Ал Бірыңғай грант операторы байқауды өткізіп, өтінімдерді, содан кейін грант алушылардың есептерін қабылдайды. Бұл грант беру рәсімдерінің толық циклінің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Екіншіден, гранттық байқаулардың жеңімпаздары белгілі бір критерийлерге сәйкес тәуелсіз өңірлік сарапшылардың бағалауы негізінде айқындалады. Ал мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың иегері баға ұсынысы бойынша анықталады. Яғни, жобаның маңыздылығы екінші орынға жылжиды.
Ең бастысы, мемлекеттік гранттар жарияланған сол өңірлерде қалып, жергілікті әлеуметтік-экономикалық ахуалға оң әсерін тигізеді. Мысалы, 2024 жылы Маңғыстау облысы бойынша жарияланған гранттық байқауларда жергілікті ҮЕҰ-дар жеңіске жетті.
Сондай-ақ, біз ҮЕҰ-ға өтінім беру кезеңінде кеңес береміз. Байқауға қатысушылары үшін тікелей эфирлер жүргізіп, өтінім нысандарын толтыру бойынша әдістемелік материалдарды ұсынамыз. Әрине, бұл көмектердің барлығы тегін көрсетіледі. Біздің мақсатымыз – үкіметтік емес ұйымдар тарапынан түсетін өтінімдердің сапасын жақсарту. Тағы бір айырмашылығымызды мысалға келтірсек, 2024 жылы 350-ге жуық ҮЕҰ Орталықтың мамандарынан түрлі кеңес алды. Ал мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша өтініш берушілерге консультациялық көмек қарастырылмаған.
– Сіз бұған дейінгі сөзіңізде Жаңаөзен қаласы ҮЕҰ-ы үшін гранттар бөлетін жалғыз моноқала екенін айтып өттіңіз. Бұл туралы тоқталып өтсеңіз.
– Иә, биыл Жаңаөзен қаласында және оған іргелес орналасқан ауылдарда ҮЕҰ әлеуетін арттыру және еңбек қатынастарын жетілдіруге бағытталған екі грант жүзеге асырылды. Екі жобаның да қала үшін өзектілігі жоғары екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өткір әлеуметтік мәселелерді шешу аясында белсенділік танытқандары қуантады.
– Жылдан жылға жергілікті атқарушы органдар бөлетін гранттардың саны артуда. Маңғыстау облысының үкіметтік емес ұйымдары арасында бәсекелестік қаншалықты жоғары? Қанша ҮЕҰ байқауларға қатысып, грант ұтып алуда?
– Шынымен де соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдардың арасында бәсекелестік артып келеді. Сәйкесінше, ұсынылатын өтінімдердің сапасы да арта түскені сөзсіз. Мәселен, былтырғы жылғы байқауларға Маңғыстау облысының үкіметтік емес ұйымдарынан 117-ден астам өтінім келіп түсті. Яғни, 2022 жылғы 27 өтінімнен едәуір артық. Бұл ҮЕҰ-дың гранттарды жеңіп алуға деген қызығушылықтарының жоғары екенін және олардың осы бағыттағы белсенділігін көрсетеді. Бір грантқа өтініш берушілердің саны да өскені сөзсіз.
Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар неғұрлым сапалы және мұқият пысықталған жобалардың ішінен таңдау мүмкіндігіне ие болады. Берілген өтінімдер санының артуы сонымен қатар гранттар бағдарламасы таныла түсіп, жергілікті ҮЕҰ тарапынан қолдау тапқанын көрсетеді. Бұл сайып келгенде бүкіл өңірге тиімді болуда.
– Әңгімеміздің басын Маңғыстау облысына бұрсақ. Қазіргі уақытта өңірде қандай жобалар жүзеге асырылуда? Қандай тақырыптар мен бағыттар қамтылып, басымдық беріліп отыр?
– Егер бағыттарға тоқталып өтер болсақ, олардың саны жылдан жылға артып келе жатқанын мойындауымыз керек. Атап айтқанда, 2022 жылы жобалар 5 бағытты (азаматтық қоғамды дамыту, жастар саясаты, жалпыұлттық бірлікті нығайту, отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелер, мәдениет пен өнерді дамыту) қамтыған болатын. Ал 2023 жылы олардың саны 9-ға дейін өсті. Яғни, тізімге білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық мониторинг және құқықтарды қорғау бағыттары қосылды.
Көріп отырғаныңыздай, тақырыптар әртүрлі, олардың басым бөлігі Маңғыстау облысына тән бағыттарды қамтиды. Ең қызықты және өзекті жобалардың ішінен жастардың қаржылық және құқықтық, діни сауаттылығын арттыру, неке және отбасы құндылықтарын насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жасөспірімдер арасында суицидті алдын алу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу, су ресурстарын тиімді пайдалану және Маңғыстау облысы бойынша медициналық қызметтер сапасының қоғамдық мониторингін ұйымдастыру сияқты тақырыптарды атап өткім келеді.
– Кез келген істі бастауда өзіндік қиындықтары болады. Алғашқы жылдары грант алушылардың қатары қалың болмаған шығар?
– Сөзіңіз рас, бірінші жылы үкіметтік емес ұйымдардың арасында тек 14 грант алушы болды. Дегенмен, бұл Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы үшін маңызды қадам болды. Өйткені ол ҮЕҰ-дың өз жобаларын жүзеге асыру үшін гранттарды тиімді пайдалануға дайын және қабілетті екенін көрсетті. Осы орайда, бүгіндері Маңғыстау облысында республикалық гранттарды жүзеге асыратын ҮЕҰ-дың саны да артқанын мойындауымыз керек.
– Лима Диасқызы, уақыт өте келе халықтың мемлекеттік гранттарға деген көзқарасы өзгерді ме?
– Әрине, оң өзгеріс бар. Біз бұл тенденцияны байқап отырмыз. Маңғыстау облысының мысалында айтатын болсақ, статистиканың жақсарып келе жатқанын көруге болады. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыстарды Бірыңғай грант операторы арқылы жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың саны артуда. Бұл мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-ының өз идеялары мен жобаларын гранттар арқылы жүзеге асырудың нақты мүмкіндіктерінің бар екенін мойындайтындығын көрсетеді. Біз ҮЕҰ тарапынан үлкен қызығушылық пен белсенділіктің бар екенін көріп отырмыз. Бұл қолдаудың осы түрінің табыстылығы мен сұранысын растайды.
– Бұл тақырып бойынша хабары жоқ қазақстандықтар тарапынан мемлекеттік гранттардың қоғамға қандай пайдасы бар деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Осы жерде нақты мысалдарды келтіре кетсеңіз.
– Гранттар бірнеше бағыт бойынша қоғамға оң әсерін тигізуде. Үкіметтік емес ұйымдардың көптеген жобаларының негізгі мақсаты болып табылатын әлеуметтік мәселелерді шешуден бөлек, гранттық қаржыландыру жергілікті жерде жаңа жұмыс орындарын құруға да ықпал етеді. Мәселен, тек 2023 жылы 148 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық дамуына серпін беріп, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартады. Сонымен қатар, гранттық қаржыландыру азаматтық қоғамды нығайтуға оң әсерін беретінін айтпай кетпеуге болмайды. Өйткені ол облыстағы өмір сапасын жақсартуға бағытталған әртүрлі бастамаларды қолдайды. Гранттар есебінен қаржыландырылатын жобалар денсаулық сақтау, білім беру, экология, мәдениет және өнер сияқты көптеген салаларды қамтуы мүмкін. Бұл әлеуметтік мәселелердің әртүрлі аспектілерін шешуге және халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
– Ал ҮЕҰ-ды құрмаған азаматтар гранттық байқауға қатыса алады ма?
– Өкінішке қарай, ҮЕҰ-ға арналған грант байқауларына тек тіркелген ұйымдар ғана қатысады. Алайда, жастар өз жобаларын жүзеге асыру үшін кейбір гранттық байқаулар аясында шағын гранттар ала алады. Мысалы, еліміздің барлық өңірлерінде NEET санатындағы жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге бағытталған Zhas Project жобасы жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, еріктілік саласындағы нақты жергілікті міндеттерді шешуде волонтерлік бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған Birgemiz жобалары бар.
– Орталықты басқарғалы сіздің жадыңызда қалған ерекше жоба туралы толығырақ тоқталып өтсеңіз.
– Иә, Жанерке Оразбекова деген грант иегері есімде қалыпты. Ол Zhas Project жобасы жеңімпаздарының бірі. Жанерке өзінің жобасы аясында ерекше балаларға тәттілер дайындау бойынша шеберлік сыныптарын өткізеді. Бір атап кетерлігі, тәттілерді пісіру барысында балалар сенсорлық дамуды және бірлескен қарым-қатынас пен өзара әрекеттесу дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, сонымен қатар көптеген жағымды эмоцияларға ие болады.
Шынын айтқанда, дәл осындай сәтті жобалар жетерлік. Олардың барлығы да қызықты. Біз оператор ретінде жастардың тек өз істерін дамытуға ғана оқталмай, сонымен қатар қоғамға пайдалы істі жүзеге асырып жатқандарына қуаныштымыз.
–Гранттық байқауларға негізінен қала тұрғындарының қатысатыны анық. Ал ауыл тұрғындары гранттық жобаларға қатысуда белсенділік танытады ма?
– Иә, соңғы бірнеше жылда гранттық жобаларға 12 мыңнан астам ауыл тұрғындары қатысты. Гранттық байқаулардың жеңімпаздары жобалардың түпкілікті бенефициарлары болады. Сондай-ақ, олар шағын гранттық байқауларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
– Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы гранттары әкімдіктер тарапынан ғана қаржыландырылады ма?
– Жоқ, біз гранттар үшін қаражатты мемлекеттік емес көздерден тартамыз. Мәселен, біздің Орталық 2022 жылдан бастап Shell Kazakhstan компаниясымен бірлесіп, мемлекеттік емес гранттық жобаны жүзеге асырады. Бұл компания Қазақстанның батыс өңірлерінде экологиялық жобаларды жүзеге асыру үшін қаражат бөлетін бірден бір тапсырыс беруші екенін айта кеткен жөн. Ал Маңғыстау облысының 3 ҮЕҰ өз жобаларын іске асыру үшін осы гранттың иегерлері болып табылады.
Олар – «Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы» қоры, «Бейнеу Жарқын Болашақ» қоғамдық қоры және «Қазақстан Республикасының Кіші Ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық филиалы.
– Бірінші басшы ретінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алдағы жоспарларына тоқталып өтсеңіз.
– Бірыңғай грант операторы соңғы 2 жыл ішінде өңірлерде 96 гранттық жобаны жүзеге асырды. Бұл гранттық байқауларға жалпы 72 ҮЕҰ қатысты. Біз гранттық қолдау тетігін дамытып, оның қолжетімділігі мен танымалдылығын арттыра түсуді жоспарлап отырмыз. Біз үшін өз өңірлерінде өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін жергілікті ҮЕҰ-дың әлеуметтік маңызы бар бастамалары мен жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетуді жалғастыру үлкен маңыздылыққа ие.
– Соңғы сұрақ. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы грант байқауларын жүргізу барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін қандай жұмыс жүргізеді?
– Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жұмысын корпоративтік басқару стандарттарына сәйкес жүргізеді. Орталық акционерлік қоғам ретінде басқарылады және талдаудың негізгі компоненттері бойынша KZCG6 деңгейіне сәйкес келетін 85,93%-ды құрайтын жоғары рейтингке ие.
Директорлар кеңесі бақылау мен басқарудың қосымша деңгейін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Орталық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесінің талаптарына сәйкестігін растайтын халықаралық ISO сертификатына ие. Ол тұтастық, ашықтық және сәйкестік мәдениетін орнату бойынша міндеттемелерді қабылдауды көрсетеді. Біз жыл сайын ISO стандарттарына сәйкестікті сақтау үшін бақылау аудитінен өтеміз. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қатер мен зиянды азайтуға, сондай-ақ іскерлік қатынастарға деген сенімділікті дамытуға және беделді жақсартуға септігін тигізеді.
– Лима ханым, сұхбатыңызға рақмет!