Қазір тастүлектей қанатын қомдаған жас түлектердің ҰБТ тапсырып, «қай жоғары оқу орнына қабылданар екенмін» деп алаңдайтын шағы. Олардың бірі өз қалауымен, ал бірі үйдегі ата-анасының айтуымен өзі қаламаған мамандыққа оқуға түсіп жатады. «Адам мамандықтан таңдауда қателеспеуі керек» деп жатамыз. Ал ол үшін мұғалімдер қандай көмек бере алады? Міне осы тақырып төңірегінде Маңғыстау медиа тілшісі «Grant» мектеп лицейінің басшысы Жұмабек Сапарбаевпен сұхбаттасқан еді. Оқи отырыңыз.
- Жұмабек мырза, сіздің оқу ошағыңызда биыл бітіруші түлектер көбіне қандай мамандықты таңдап жатыр?
- Біздің «Grant» мектеп лицейі Мұнайлы ауданында орналасқан. Биыл бізде 100 оқушы бітіріп шықты. Оның 40 пайызы биология және химия пәндерін таңдап отыр. Оқушылардың басым бөлігі дәрігер мамандығын таңдады. Себебі олар Маңғыстау өңірінде дәрігер мамандығының сұранысқа ие екенін көріп отыр. Екіншіден, ел-халықты емдеуге деген талаптары мен қызығушылықтары жоғары.
- Жалпы, жақын-болашақта сұранысқа ие мамандықтар қандай?
- Менің ойымша, глобализация тұсындағы оқушылардың таңдаған мамандықтары IT технологиямен байланысты. Яғни, кибернет, ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттық технология мамандықтарына сұраныс өте жоғары. Оқушылардың көбі осы мамандықтарға қызығып жатыр. Физика, химия, биотехнология мамандықтарына қарай балалардың бетбұрысы жоғары.
Мемлекеттен беріліп жатқан гранаттың саны өте көп. Жалпы гранттар бар. Маңғыстау мен Атырау өңіріне беріліп отырған нысаналы гранттар бар. Жергілікті бюджеттен бөлініп отырған әкімдік гранттар бар. Сөздің ашығын айтар болсақ, оқушының грантқа түсу ықтималдығы жоғары. Қазір ақылы бөлімге оқуға түсетін болса, 1 жылдан кейін сол университеттің грантын да иеленуге болады.
Биылдан бастап сараланған грант тағайындалды. Мысалы, мен дәрігер мамандығын таңдасам, сол мамандықтың 50 пайызын үкімет төлеп береді. Бұл да грантқа түсуіне зор мүмкіндік.
- Өзіңіз білетіндей, қазір көп жастар ата-анасының айтуымен өзі қаламаған мамандықтарға оқуға түсіп жатады. Түлектердің мамандық таңдауына ата-ана қандай көмек бере алады?
- Қазіргі таңда жастардың дені мамандық мәселесінде өз таңдауын жасап жатыр. Ата-ана балаға ақыл-кеңес айтатындай деңгейде болмай қалды. Себебі, қазір мамандықтың түрі көп. Ал ата-ана одан хабарсыз. Біздің ата-аналарымыз балаларына өлмейтін мамандық ретінде дәрігер, мұғалім болуды нұсқап жатыр. Ата-аналар кибернетика, ақпараттық қауіпсіздік, фармацевтика мамандықтарын естісе шошып кетеді. Қазір көпті көргеннің емес, көп жетістікке жеткен адамның ақыл-кеңесімен мамандық таңдаған дұрыс болар дер едім.
- Мектеп қабырғасында оқушылардың өз қалауымен мамандық таңдауына қандай мүмкіндіктер жасалуы керек? Қалай ойлайсыз?
- Мемлекет оқушыларға көп мүмкіндік беріп жатыр. Әйтсе де бұл ретте мектеп басшысының да рөлі өте зор. Мысалы, қазіргі таңда мектептерде өзін-өзі тану пәнін алып тастады. Ол пәннің мұғалімдері оқушыларды өзі қалаған мамандықты таңдауына бағыттаушы болды. Ал ол мұғалімдер кәсіби білімінің жоқтығының кесірінен оқушыларға дұрыс бағыт бере алмай жатыр. Жеке өзім бағыттаушы ретінде балаларға қай мамандыққа қалай түсу қажет, қайсысын таңдау қажет екенін айтамын. Әрі ол оқушы өз мамандығын таңдамас бұрын тест арқылы қабілетін анықтаймын. Сала бойынша кездесулер ұйымдастырамыз. IT технологияны таңдаған оқушыларды сол саланың мамандарымен кездестіріп, тележүргізуші болғысы келсе, медиа орталықтарға апарамыз.
Биыл Маңғыстау облысы бойынша оқушыларымызды орталықтың қаражатымен Алматы қаласына алып бардық. Олар жоғары оқу орындарын, оның ішінде мамандықтарды, қалай түсу қажет, ішінде қандай база бар екенін көріп, қатты таң қалды.
- Түлектердің өзі қалаған мамандықты таңдауына психологтардың рөлі бар деп ойлайсыз ба?
- Негізінде психологтар әрбір мектепке қажет. 1 мектепке 2 психолог жеткілікті. Бірақ бізде психологтар сыр сақтай алмайды. Оқушылар келіп, психологқа өз ішіндегі құпиясын айтса, ол әңгіме үшінші бір адамға жетеді. Үшінші адам естісе, оны барлығы естиді. Сондықтан балалар проблемасын айта алмайды. Мектептердегі психологтар кәсіби түрде өз мамандығының құпиясын сақтай алатын, дұрыс бағыт бере алатын, жаңашыл идея алып келе алатындай болуы қажет. Оқушыларға бүгінгі нәрсені қайталап айтсаң, келесі күні өтімсіз болады. Міне, сол себепті мектеп психологтарына жаңаша методика керек деп ойлаймын.
- Қазір өз өлкеміздің болашағына қатысты түлектер таңдауы тиіс мамандықтарды атай аласыз ба?
- Біздің өлкемізде көп оқушылар мұнай-газ саласын таңдап жатады. Мұнай-газ саласын таңдап қажет емес деп айтар едім. Өйткені, маман толық. Бізге қазір туризм саласына, аударма ісі саласына, биотехнология, электротехнология жағына көп мамандар қажет. Себебі, бізде атом электр станциясы бар, су көзі бар. Германия мемлекеті де осы сала бойынша елімізге университет салайын деп жатыр. Энергетика саласында мамандар болмаса, бізде эффект болмайды. Технология, сервис саласына мамандар қажет. Маркетинг, туризм саласын насихаттай алатын дұрыс мамандар болмаса, түбегіміздің деңгейін көтере алмаймыз.
Жыл сайын бұл мамандықтарға мемлекет тарапынан гранттар бөлініп жатыр. Оқушылар оқиды, білім алады, кейін өз мамандығына немқұрайлы қарайды. Қабілеті жоқ. Университеттер де ескіріп келе жатыр. Жоғары оқу орындарында 3-4 курс студенттеріне жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек секілді. Студенттерге теориялық білім мен практикалық білімді қатар бере білсек, абзал болар еді. Осы жағын реттесек пе деймін.
Біздің студенттер бірден бакалавр, бірден магистратура, бірден доктарантураға түседі. Бакалавр мамандығын тәмамдаған студент 5 жыл сол мамандықпен жұмыс істеп көруі қажет. Сол мамандықтың иесісің бе, әлде жоқ па, соны анықтап алып, магистратураға түсуі қажет секілді.