Тамыз айының екінші жексенбісі – құрылысшылар мерекесі. Мереке қарсаңында елімізге белгілі кәсіпкер, меценат, облысымыздағы құрылыс саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген Асқарбек Керелбаев туралы айта кеткенді жөн көрдік, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Асқарбек Керелбаев басшылық ететін «Альянс LTD» ЖШС өңіріміздегі әлеуметтік-тұрмыстық маңызы бар нысандардың құрылысымен айналысып, мұқтаж адамдарға материалдық көмек пен қайырымдылық көрсетіп келеді.
Кешегі өткен сақи-байлардың жұрнағындай болған ол Альянс LTD» ЖШС басшысы ретінде көптеген мемлекеттік ірі объектілер: мектептер мен балабақшалар, облысымыздағы көптеген су жүйелерінің құрылысын салып, пайдалануға берді.
Өңіріміздегі сексен пайыз су құбырының тартылуына ат салысқан кәсіпкердің халық игілігі үшін жасаған жұмысы ересен. Сондай-ақ кәсіпкер облысымыздың аудан-қалаларында 30-дан астам мектеп, балабақша, тұрғын үй, мәдени ошақтар мен спорт залдарын салып берген.
Кәсіпкер өзі туып өскен Тұщықұдық ауылында спорт зал, Мұнайлы ауданында «Досан батыр» спорт кешенін салып берген. Қазіргі таңда «Досан батыр» спорт залының жанынан бассейн салу жұмысын жүргізіп жатыр.
Ер басына күн туса, ер етікпен су кешер демекші, өткен жылдары Маңғыстауда болған қуаңшылық кезінде облысымызға Ақтөбеден мал азығын әкелуге қаржылай жәрдемдескен. Арыс оқиғасынан соң үй-күйсіз қалған халыққа 87 үй салып берген.
1999 жылдан бері құрылыс саласында өзін жоғары білікті, кәсіби маман, басшы екенін көрсете білген кәсіпкердің өмірбаянына қысқаша тоқтала кетейік.
Асқарбек Керелбаев 1966 жылы 14 маусымда Маңғыстау облысының Тұщықұдық ауылында дүниеге келген.
Асқарбек Керелбаев 1983 жылы Тұщықұдық ауылындағы орта мектепті бітіріп, Алматы құрылыс техникумына оқуға түскен. 1984-1986 жылдары аралығында Кеңес армиясы танк әскерлері қатарында азаматтық борышын өтеді. 1986 жылы әскер қатарынан оралған соң, Алматы құрылыс техникумында оқуын жалғастырып, 1988 жылы «өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
2011 жылы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар Академиясын «құрылыс» мамандығы бойынша сырттай оқып, бітірген. Ол 1988 жылы Шевченко қаласындағы «Комсомольск-нефть» мұнай-газ өндіру басқармасында үшінші дәрежелі тас қалаушы болып еңбек жолын бастаған.
1989 жылдан 1994 жылға дейін «МаңғышлақМұнайГазСтрой» мекемесінің №3 бөлімшесінде мастер, 1994-1998 жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да жұмыс өндірушісі, материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің бөлім бастығы қызметтерін атқарып, мол тәжірибе жинақтаған.
Асқарбек Керелбаев «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на қарасты ПМК басқармасының жалпы сұрақтар бойынша директордың орынбасары қызметіне тағайындалып, еңбек етіп, аталған мекеменің жұмысын тиімді ұйымдастыруға, ұжымның еңбек өнімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлді.
1998 жылдан бері «Альянс LTD» ЖШС мекемесінің басшысы лауазымын атқарып келеді.
Кез келген қисынсыз жағдайларда, әр түрлі мәселелерді шешуде ұжымның пікірін тыңдап, оң шешім қабылдай білетін кәсіпкер әріптестерінің арасында үлкен беделге ие.
Аскарбек Керелбаев ұзақ жылдарға созылған абыройлы қызметі үшін бірнеше рет марапатталған. Мысалы, адал еңбегі үшін 1999 жылдан бері үзбей «Құрылыс индустриясына қосқан үлесі үшін» құрмет грамотасы және облыс, қала әкімдерінің бірқатар алғыс хаттарымен марапатталған. 2011 және 2016 жылдары екі мәрте ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алғыс хатына», 2011, 2013 және 2015 жылдары Маңғыстау облысы бойынша «Жыл адамы» номинациясына ие болды. 2014 жылы республикалық деңгейдегі «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. 2018 жылы «Каспий аймағы мемлекеттері басшыларының қатысуымен Ақтау қаласында өткен V Каспий Саммитін ұйымдастыру мен өткізуге қосқан үлесі үшін» алғыс хатына, сол жылы «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын құттықтау рәсімінде «Жыл меценаты», 2019 жылы «Жыл құрылысшысы» номинациасына ие болды.
2020 жылы «Сапа көшбасшысы» белгісімен марапатталды. 2021 жылы «Ақтау қаласының құрметті азаматы» лауазымы берілді. 2022 жылы «Құрмет орденімен» марапатталды. Асқарбек Керелбаев Ақтау қалалық мәслихатының 5,6 шақыртуының депутаты. 2023 жылы «Қарақия ауданының құрметті азаматы» лауазымы берілді. 2023 жылдан бері Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты.