Екі адамды өлтірді және зорлады деп айыпталған сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкім 2022 жылдың соңында шығарылды. Ақтау қаласының мамандандырылған тергеу соты сотталушыны ҚР ҚК 99-бабы «Кісі өлтіру» және ҚР ҚК 120-бабы «Зорлау» бойынша кінәлі деп таныды.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 17 тамызында әлеуметтік желілерде полицейлер Ақтауда 14-шағынауданда жолды жауып, әр көлікті тоқтатып, тексеріс жүргізген видео тараған еді. Сол күні тәртіп сақшылары ер адам мен әйелді өлтірді деген күдіктіні осылай іздегенін түсіндірді. Күдікті қылмыскердің ұсталғанын, оған қатысты бір немесе одан да көп адамды «өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.