Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен жеке тұлғаның Ақтау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қатысты талап қоюы қанағаттандырылған. Сот шешімімен жауапкердің жеке тұлғаға тиесілі көлігіне салық есептеуі заңсыз деп танылып, оның хабарламалары мен салық өндіру бұйрықтарының күші жойылған. Сот он бес жұмыс күні ішінде сот шешімін орындап, ол жөнінде сотқа үш күн ішінде хабарлауды міндеттеген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алайда, осы уақытқа дейін сот шешімі орындалмаған, жеткілікті уақыт өтсе де жауапкер тиісті шара қолданбаған. Яғни, көлік иесінің жеке шотынан әлі күнге дейін заңсыз есептелген салықтар алынған. Бұл өз кезегінде салық төлеушінің құқығын бұзады.
- Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің талаптарына сәйкес, сот шешімдерін орындау соттың бақылауында және оларды орындаудан жалтару 50 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуға әкеп соғады. Сот ұйғарымымен Ақтау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқарма басшысына қатысты 50 АЕК мөлшерінде, яғни 172 500 теңге ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылған. Салық инспекторы ақшалай өндіріп алуды 5 күн ішінде төлеуі және сот шешімін 10 күн ішінде орындауы керек. Орындалмаған жағдайда ақшалай өндіріп алу 10 АЕК-ке ұлғайтылған мөлшерде қайта қолданылады, - дейді облыстық соттың баспасөз қызметі.