Атырау мен Ресейдің Астрахан облысы арасында қатынайтын жолаушылар пойызында 13 жастағы бала өліміне қатысты себебін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Топ құрамында 77 адам Железноводскідегі «Қазақстан геологы» санаторийіне бет алған. Олардың 73-і мектеп оқушысы екені айтылды. Марқұм болған бала жолға шыққаннан кейін бір жарым сағат уақыт өткенде денсаулығына қатысты шағым білдірген.
- Атырау облыстық білім басқармасымен қатар бірқатар уәкілетті органдардың қатысуымен арнайы комиссия құрылды. Олар қайғылы оқиғаның себебін тексереді. Қазіргі уақытта баланың мәйіті сот-медициналық сараптамаға жіберіліп, қылмыстық іс қозғалды, - деп жазылған өңір әкімдігі таратқан ақпаратта.
Ал облыстың білім басқармасы баласы өлген отбасыға мүмкін болған барлық көмекті көрсететіндіктерін айтып сендірді.
ҚТЖ 7 тамыз күні №625 «Атырау-Астрахан» бағытындағы жүрдек пойызда 2010 жылы туған ер баланың қайтыс болғанын мәлімдеген еді. Ол балалармен бір топта төрт тәрбиешінің жетекшілігімен лагерге бара жатқан. Алайда оның денсаулығы сыр беріп, пойыздағы жолсеріктер жедел жәрдем шақыруына тура келді. Медицина өкілдері Нарын стансасына тоқтағанда көмек көрсеткен. Алайда медбикелер баланың сол уақытқа дейін қайтыс болғанын айтып отыр.