Ақтауда республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңінің және халықаралық, республикалық ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шарада 110 оқушы марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара барысында LED экран арқылы оқушылар туралы видеоролик көрсетілді. 5-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінен орын алған және халықаралық, республикалық ғылыми жоба байқауларының жеңімпазы атанған 110 оқушы марапатталды. Шараға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали қатысып, жеңімпаз оқушыларды марапаттады.
-Саналы ұрпақ - ел болашағы. Олардың тағылымды тәрбие мен сапалы білім алатын негізгі ошағы бұл мектеп. Ақтау қаласында 28 мемлекеттік, 23 жекеменшік мектепте алпыс мыңнан астам оқушы білім алуда. Салтанатты шарада пәндік олимпиадаларда, халықаралық, республикалық байқауларда оқ бойы озып шыққан оқушылар марапатталды. Оқушыларға үлкен қолдау көрсеткен ата-аналар мен ұстаздарға алғысымды айтамын, - деді қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Шарада пікірсайыс турнирлерінің жеңімпаздарына жолдама табысталды. 14 оқушы жетекшімен бірге Алматыға саяхатқа аттанбақ.
-Қаладағы әрбір мектепте пікірсайыс үйірмелері бар. Өз мектебінде жақсы нәтиже көрсеткен оқушылар әртүрлі сайыстарда бақ сынайды. Пікірсайыс турнирлерінің жеңімпаздарына жолдама былтыр да берілген болатын. Оқушылар ол кезде Түркістан қаласына саяхаттап келді. Биыл пікірсайыс қатысушылары Алматы қаласына барады, - деді Т. Әшімбаев атындағы №11 лицейдің ағылшын тілі пәні мұғалімі, «Ақиқат» пікірсайыс клубының жетекшісі Мадина Шаланова.
Жақсы нәтиже көрсеткен мектеп директорларына дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Бас жүлде - Мамандандырылған IT лицейі
І орын - Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейі
ІІ орын - «Tanym school» ЖШС
ІІІ орын - Т.Айбергенов атындағы №19 мектеп-гимназиясы
Сондай-ақ, шарада жас өнерпаздар ән шырқап, би биледі.