19 мамырда «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің бірінші кезеңі аяқталды. Таңғы 7.00-де 19 команда Павлодар қаласы маңындағы «Атамекен» елді мекенінен Екібастұзға аттанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жорық бағдарламасына сәйкес, командалар марафон-бәйгенің алғашқы 100 шақырымын бағындырып, бірінші кезеңнің мәресі Екібастұз маңында аяқталды. Алғашқы кезең қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстан облысының командасы жеңімпаз атанды. Маңғыстау облысының шабандоздары мәре сызығына екінші болып жетсе, Солтүстік Қазақстан облысының командасы үштікке ілікті.
Өкінішке қарай, алғашқы кезеңде бірден үш команда (Алматы мен Қызылорда облыстары, Шымкент қаласы) жарыстан әртүрлі себептермен шығып қалды.
«Аттардың шама-шарқын бағамдаған шабандоздар сәйгүліктерін қинамай, дер кезінде жарысты тоқтатқандары жақсы шешім болды», - дейді Бас төреші Надежда Купцова.
Бірінші кезеңде Батыс-Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстары екі аттан, Абай облысының командасында бір ат жарысқа жарамсыз деп танылды. Жалпы 20 мамырда 2-кезеңді 16 команда жалғастырады.
Айта кетейік, жол қашықтығы 500 шақырымды құрайды және бағыт Павлодар, Ақмола облыстарын қамтиды. Марафон 23 мамырда Астанада аяқталады.