Белгілі кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовке халықаралық іздеу жарияланды. Ол маусым айында Астанадағы қоғамдық орындардың бірінде төбелес шығарғаны үшін айыпталып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бас прокуратураның құқықтың статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында боксшыға екі күннен бері іздеу жарияланғаны туралы хабарлама орналастырылған. Дерек бойынша еліміздің ішкі істер министрлігінің ұсынысымен 22 шілдеден бастап Бейбіт Шүменовке Астанадағы Есіл аудандық полиция басқармасы іздеу жариялағаны мәлім болды.
Маусым айының ортасында боксшы Астанадағы ірі сауда орындарының бірінде қолына бала ұстаған ер адамды ұрып тастаған болатын. Жария болған бейнежазбада Бейбіт Шүменовтің ер адаммен төбелескені анық көрінеді.
Кейін аталған іс бойынша ІІМ мәлімдеме жасап, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып жатқанын хабарлады. Егер боксшының кінәсі дәлелденсе, 5 жылға дейін сотталуы мүмкін екені де айтылды.
Алайда, түсініктеме берген боксшы зардап шегушінің баласы өзінің кішкентай ұлын ұрғанын айтып, оған шағым білдіргенде пышақ ала ұмтылғанын атаған болатын. Кейін төбелес кезінде соққыға жығылған ер адамның қырғыз елінің азаматы екенін анықталды. Бұған қатысты Қырғызстан СІМ мәлімдеме жасап, істі бақылауда ұстайтынын айтқан еді.
Бей ресми дерек бойынша, Бейбіт Шүменов қазір АҚШ-қа аттанып кеткен. Оның жұбайы да Астанадағы іске қатысты түсініктеме беріп, арнайы органдардың әрекетінен кейін АҚШ елшілігінің көмегіне жүгінгенін жеткізді.