Маңғыстау ауданына барған облыс әкімі Жармыш ауылындағы Батыс және Бердалы шағын аудандарына жүргізіліп жатқан тоқ және газ желілерін тарту жұмысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме беріп.
Ауыл халқын тоқ және газбен қамтамасыз етуге «АЭS and Limited» ЖШС мердігер мекемесі жауапты.
Қазіргі таңда газ тарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы 153 үйге газ тартылған, 76 үйге тоқ желісі кіргізілген. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауаптыларға инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын кешенді әрі жүйелі қарау керек екенін айтты. Сонымен бірге жүріп жатқан ауылішілік су құбыры құрылысын қыркүйек айының аяғына дейін аяқтап, тұрғындарға тіршілік нәрін уақытылы беруді тапсырды.
Нұрдәулет Қилыбай салынғанына 10 жыл болған Жармыш дәрігерлік амбулаториясының бүгінгі жағдайын көрді. Мамандар бүгінде ғимаратқа күрделі жөндеу қажет екенін жеткізіп, облыс әкіміне өтініш білдірді. Салынғанына 10 жыл болмаған нысанға күрделі жөндеу жасалмайтындықтан, күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама енді басталып жасалуда. Аймақ басшысы әлеуметтік нысанның тұрғындар үшін аса маңызды екенін айтып, қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.