Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың Маңғыстау ауданына жасаған сапары Онды ауылында жалғасты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме беріп.
Нұрләулет Қилыбай Онды ауылындағы Әбіш Кекілбайұлы атындағы мектепке барды. Биыл аталған мектеп білім сапасын көтеруге бағытталған «Отпан» жобасына енген. Жоба аясында білім ордасы жаңа 15 кабинетпен жабдықталып, техникалық базасы жаңартылады. Жаңа оқу жылында мұнда 250 жуық бала білім алмақ. Толықтай бейнебақылаумен қамтылған. Мектеп ғимаратында жазушы Әбіш Кекілбаевтың мұражайы жасақталған.
Өңір басшысы Онды тұрғындарын 100 пайыз тіршілік нәрімен қамтып отырған су айдау алаңындағы резервуардың жұмысымен де танысты. Ауылда су тапшылығы жоқ, сондықтан көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінген. Осы орайда облыс әкімі «Бір ауыл, бір өнім» жобасы аясында жұмысы басталған «Онды бағына» барды. Жүз гектар жерді алып жатқан баққа 1000 түп жеміс ағашы отырғызылған. Жалпы ағаш санын жүз мыңға жеткізу жоспарланып отыр. "Онды бағы" тамшылата суару жүйесін тиімді пайдалануда, қазіргі таңда мұнда электр желісін тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.