Қазақстанда мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтың қатысуы қамтамасыз етілген халықты әлеуметтік қорғаудың көпдеңгейлі жүйесі қалыптасты.
Нарықтық экономика жағдайында рөлі басым болып табылатын міндетті әлеуметтік сақтандыру жұмыс істейтін халық үшін Қазақстан Республикасында 2005 жылдан бастап енгізілген халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің екінші (қосымша) деңгейі болып табылады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде әлеуметтік аударымдарды жинақтайтын және әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыратын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (Қор) орталық орынды алады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдерді қамтиды.
Бұл жүйенің өзіне тән ерекшеліктерінің бірі бұл жүйеге қатысу міндеттілігі және жұмыспен қамтылған халықты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамту деңгейін арттыру маңызды болып табылады.
Әлеуметтік аударымдар жұмыс берушілердің қаражаты есебінен жұмыскердің табысының 3,5% мөлшерлемесі бойынша төленуге тиіс. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен бір ең төмен жалақыдан кем емес және жеті еселенген мөлшерінен аспайтын әлеуметтік аударымдардың ең төменгі және ең жоғарғы мөлшерлері айқындалған.
Әлеуметтік аударымдарды есепті айдан кейінгі 25-ші күнінен кешіктірмей жүргізу қажет. Әлеуметтік аударымдардың уақтылы және толық төленуін бақылау салық органдарына жүктелген.
Мемлекет міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар алдындағы әлеуметтік міндеттемелердің тұрақты орындалуына кепілдік береді. Өз кезегінде, төлеушілердің әлеуметтік аударымдарды толық және уақтылы төлеуі жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік төлемдердің мөлшері әлеуметтік аударымдардың төленген сомасына, сондай-ақ оларды төлеу ұзақтығына тікелей байланысты. Дәл осындай қағидаттар бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейді.
Қордың мемлекеттік қызметті көрсетудің бизнес-процесі ашық, өйткені төлемдерді тағайындау үшін қалыптастырылған электрондық іс макеті Қорға «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясынан немесе электрондық форматта келіп түседі. Осылайша, әлеуметтік аударымдардың түскен сомалары туралы ақпарат алуға және әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі жөнінде түсініктеме алуға жүгінетін жағдайларды қоспағанда, Қор қызметкерлерінің халықпен тікелей байланысы барынша азайтылған.
Әлеуметтік аударымдардың төленген сомалары туралы ақпарат алуға жұмыс істейтін халықтың қол жетімділігі маңызды.
Қазіргі уақытта egov.kz. электрондық үкімет порталы, онлайн режимде банктердің мобильді қосымшалары арқылы, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (ХҚКО) және Қор филиалдары арқылы әлеуметтік аударымдардың түсуі туралы ақпаратты алу мүмкіндігі жүзеге асырылды.
Тұтастай алғанда, жұмыс істейтін азаматтар базалық мемлекеттік жәрдемақылармен қатар Қордан әлеуметтік төлемдерді ала отырып, жұмыс істемейтіндерге қарағанда артықшылыққа ие болады. Осыған байланысты, еңбек шарттарының болуы жұмыскерлерге тек еңбек қана емес, сонымен қатар әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік кепілдіктер де береді.
Жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыра және халықты жұмыспен қамту үшін ынталандыра отырып, бүгінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық қатынастарының маңызды және қажетті элементіне айналып отыр.
Маңғыстау облысы бойынша «МӘСҚ» АҚ филиалының директоры
С. Үркімбай