Қазіргі тіл білімі ғылымында Бибайша Ілиясқызын ғалым ретінде танымайтын адам жоқ шығар. Қазақ тілінің қазынасын бүкіл болмысына сіңіріп, киесін сезінген, тумысынан қабілетті, сөзді өнер деп ұққан ата-бабамыздың асыл қасиетін дарытқан әріптесіміз – білікті ғалым, ұлағатты ұстаз, тәжірибелі тәлімгер, қадірлі әріптес, сыйлас замандас, аяулы жар, абзал ана, асыл әже.
Осыдан отыз жыл бұрын біз Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп, туған жерге келіп, еңбек жолымызды бастадық. Атырау университетінің Ақтау филиалына жас маман болып қабылданғанда алдымыздан ширақ қимылды, сөз саптасы нық, киім киісі жып-жинақы, үлкен көзәйнегі бүкіл бетін жапқан, шағын денелі, сүйкімді апай жымиып қарсы алғаны есімізден кетпейді. Жүзінен мейірімге толы ізгілік нұры шашыраған осы бір жан еңбек жолын енді бастаған біздерді бірден баурап әкетті. Сол бауырмал жан біздің бүгінгі кейіпкеріміз Бибайша Ілиясқызы бұл күнде Маңғыстаудың биік тұлғасына айналды.
1964 жылдың 15 тамызында Қызылорда облысы Арал ауданының Жамбыл атындағы колхозында атасы Нұрдәулеттің өзі көрмесе де есімін қойып кеткен әулеттің сүткенжесі «нашар бала» дүниеге келеді. (Ол кезде «қыз» деп тіке айтуды дөрекілік санап, «нашар бала, шай құяр» деп жұмсартып айтатын еді). Атасы Нұрдәулет белгілі жырау болғандықтан бұл әулетті халық «Жыраудың үйі» деп атап кеткен екен. Әжесі Кенже Арал өңіріне белгілі Тұрған сынықшының қызы, өзі де сынық салып, құмалақ ашқан, бес уақыт намазы мен оразасын қаза қылмаған таза, өте тақуа жан еді. Нұрдәулет жырау Әзілхан, Әмірхан, Сейілхан деп алғашқы ұл немерелерінің атын өзі қойған. Дүниеге келетін «нашар балаларды» да болжап, аттарын Қазына, Бибіайша деп қойып кеткен екен жарықтық.
Бұл әулет дүниені емес, сөзді кие тұтты. Кенже әжесі сөзге ұста, әңгімені тақпақтап әсерлі айтатын болған. Кеңес үкіметін жек көріп өтті. «Орташа» ретінде дүние-мүлкі тәркілеуге ұшыраған. Ауылдас белсенділердің он екі қанат ақ ордасын, мал-мүлкін тартып алғанымен қоймай, пешке тығып қойған алты қап астығына дейін сыпырып алып, қаңғытып жібергенін, жеті сәбиінің аштықтан, аурудан көз жұмғанын жыр қылып айтып өткен. Нұрдәулет жырау «Қырымның қырық батырын» жырлаған. Небір зұлматтың бәрін көріп, еңсесі түскен елдің көңілін жырмен делбеп, рухын көтерген. «Нағашыларымның айтуынша, елдің басы қосылса, Нұрдәулет жырауды алдыртып, жырлатады екен, ол кісі ешуақытта кісі көңілін қалдырмайды, жырла десе, домбырасын алып, жырды төгіп-төгіп жібереді. Қызметі үшін ешқандай «байрақ» дәметпейді екен», - деп еске алады Бибайша немересі.
Нұрдәулет жырау дүниеден озғаннан кейін 1961 жылдың желтоқсанында дүниеге төртінші немере ұлы келгенде атасы атын қоя алмай кетті деп, әкесі Ілияс ұлының атын Болат қойған.
Нұрдәулет атасының бойындағы жырдың киесі Болатқа қара сөз боп қонады. 6-сыныптан бастап Болаттың мақалалары аудан мен облысты қойып, республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жиі жариялана бастады. Екі жыл бойы Болаттың есімі дүрілдеп тұрды. Ауылға өкіл келсе де, ақын мен әнші, тілші келсе де, Болатты іздейтін болған. Ауылға келетін поштаның тең жартысы Болатқа келген хаттардан тұратын. Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен Болатпен дос болғысы келетін ұл-қыздардың сәлем хаттары ағылып жатады екен. «Жалаңаш» деген теңіздің түкпірінде жатқан, мал бағу мен балық аулаудан басқа кәсіпті білмейтін, томаға тұйықтау ауылдың қарапайым адамдары Болаттың мақалалары арқылы соғыс, еңбек қаһармандарына айналып, елге танылды, №58 орта мектептің оқушылары туралы әсерлі, жып-жылы әңгімелер «Қазақстан пионерінде» бұрқырап жарияланып жататын. Болат Нұрдәулетов туралы белгілі ғалым, журналист Бауыржан Омарұлы былай жазады: «...Жазғандары өткiр. Ой-тұжырымдары тiлiп түседi. Сөйлемдерi ойнақы. Бұл маған қатты әсер еттi. Себебi бұрын маған танымал жазушы-журналистердiң бәрi ылғи алыс өлкелерден шығатын секiлдi көрiнетiн. Жоқ олай емес сияқты. Мына тұрған Жалаңаштан да шығып, бүкiл дүниенi дүрiлдетуге болады екен ғой. Осы басылымның бетiнде бiр жыл бойы дамылдамай қаламын ойнақтатқан әлгi бала бiр күнi үнсiз қалды. «Неге өйттi екен?» – деп келесi мақаласын тағатсыздана күтiп жүргенбiз. Содан көп ұзамай-ақ сол «Қазақстан пионерiнiң» бiр бетiн түгел жайлап, «Ол өмiрге құштар едi...» деген қазанама-мақала шыға келсiн. Авторы – Жалаңаш орта мектебi әдебиет пәнiнiң мұғалiмi Әбдiрайым Есендiков. Бұл кiсiнiң де бiр адамдай жазуға таласы бар едi. Шошып кеттiм. Бар болғаны сегiзiншi класс оқитын Болат Нұрдәулетов мотоциклден аударылып, ғайыптан көз жұмыпты. Жазуға деген құштарлығы ерте оянған жас талаптың қыршын ғұмыры осылай үзiлдi. Егер ол бүгiнге дейiн аман-есен жүргенде, қазақтың қалам мен қағазға адал қаламгерлерiнiң бiрi болатыны сөзсiз едi. Болаттың туған қарындасы Бибайша кейiн ағасының армандаған биiгiне шықты».
Небәрі 16 жасында қыршын кеткен ұлын жоқтаған анасы «Есімін атам қойғанда, тірі болар ма еді!?.” деп көп қайғырады. Болатпен бірге елдің ырыс-берекесі болған Арал теңізі де кеткен кез еді!..
Болашақта жазушы болуды армандаған, шетел классиктерінің шығармаларын беріле оқыған, ұнаған тұстарын блокнотына түртіп алатын талантты ағасының қазасы Бибайшаға да оңай тимейді. Бибайшаның ең алғашқы өлеңі де Болатқа арналады. Ағасының артында қалған сегіз блокноттағы жазбаларды, күнделіктерін жинақтап, 2014 жылы Астанадан «Қуаныш әкелетін кім?» деген жинақты «Профи Медиа» баспасынан шығарады.
Мектепте Болатты өз баласындай көріп, жазуға баулыған әдебиет пәнiнiң мұғалiмi Әбдiрейім Есендiков деген ұстазы Бибайшаның да талантын байқаған. Сыныбында Айдынгүл Құлжанова деген құрбы қызы екеуі өлең жазып «мектептің ақыны» атанып жүретін. Бір күні Әбірайым ағайы Айдынгүл екеуіне Лениннің туған күніне өлең жазуға тапсырма береді. Ертесіне өлеңдерін оқыған ұстазы Айдынгүлдің өлеңін мақтайды да Бибайшаға «сенен ақын шықпайды, сен сол прозаңды жаза бер!» деп жол сілтейді. Проза жазуға икемді қыз содан бастап өлең жазуды қойып кеткен. Ағасы Болатқа арналған жалғыз өлеңі 1979 жылы «Қазақстан пионеріне» жарияланады.
Әсем Алматы төріндегі қазақ білімінің киелі шаңырағында білім алу кімнің арманы болмады?! Мектепті аяқтаған соң Бибайша да 1981 жылы күндізгі бөлімге екі-ақ ұпай жетпей қалып, ҚазМУ-дің филология факультетінің сырттай бөліміне оқуға түседі. Қызылордалық Нұрайша деген құрбысы екеуі бір бірін бұрыннан танитындай бірден бауыр басып кетеді. Екеуі де 1-курстың сессиясын үздік аяқтап, күндізгі бөлімге ауысуға өтініштерін қалдырып, елге қайтады. Жаңа оқу жылы басталғанда Бибайшаның жүрегі алып-ұшып, Алматы жақтан хабар күтеді. Әке-шешесі болса кенже қызының үйден кіріп-шығып, көз алдарында жүргеніне мәз. Қыркүйектің ортасы болып, «Әй, Алматы маған биыл да жоқ-ау!» деп, үмітін үзе бастағанда «АВИА» конвертпен қатталған бір хат келеді. Ол кезде қазіргідей ұялы байланыс жоқ. «Екеуміз де күндізгі оқуға ауыстық. Мен Алматыдамын. Ауыл шаруашылығы жұмысына жинап жатыр, тез жет! Нұрайша» - деп жазылыпты хатта. Қуанышында шек болмай сол күні Алматыға жиналады. Алматыға Аралдан ұшақ жоқ, пойызбен екі күн жүріп, Алатаудың етегіне асыға жетіп, Нұрайша екеуі қайта табысып, студенттік өмірдің қызығы мен шыжығына бойлап кетеді...
Сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде әйгілі ғалымдар мен айтулы ұстаздардан тыңдаған дәрістер, олардың ғылымдағы жетістіктері, өз мамандығына деген қатынастары шәкірттеріне өмір сабақтарын да қоса дарытып жатады. Бибайша үшін университетте оқу оқып, дәріс тыңдаған, білімін шыңдаған уақыттардың бәрі де өзін-өзі табудың, ізденудің жолдары еді. Университеттің филология факультетінде оқитын студенттерді «Тілші», «Әдебиетші» деген топтарға бөліп оқытатыны белгілі. Бибайшаның жанына әдебиет жақын болса да «Тілші» бөліміне түскеніне шын қуанады, студент кезінен тілдің құдіретін сезіне түседі.
Екінші курста оқитын кезі. Сабақ аяқталып, ҚазМУ-дің филология факультетіндегі әйгілі М.Әуезов аудиториясынан шығуға жиналып жатқанда бір курс жоғары оқитын студенттер кіріп келеді, орын алмасып, абыр-сабыр болып жатқан бір мезетте Нұрайша: «Бибайша, қара, әне, анау Светқали деген ақын!» деп шашы бұйра-бұйра, көздері от шашқан жігітті көрсетеді. «Жалт қарасам, қарсы алдымда мифтік образ тұр екен! Шынымды айтсам, тірі ақынды сонда бірінші рет көрдім!», - деп еске алады Бибайша сол кезді.
Университеттің студенттерге арналған демалыс үйінде (профилакторияда) үш құрбы қыз бір бөлмеде жатқан кезі. Бір күні Кәмнұр деген 3-курстың жігіті алқынып кіріп келіп: «Қыздар, дайын болыңдар, кешке Светқали деген ақынды алып келем, сендермен таныстырам», – деді. Қыздардың көңілдері әрі қобалжып, әрі алып-ұшып, кешті асыға күтті. Кешке қарай «ақын келді, бөлмеге тез жетіңдер» деген хабармен Кәмнұрдың бөлмесінің алдына келді. Ақынның мысы басып, табалдырықтан бірінші аттауға жүректері дауаламай, үш ұяң қыз бір біріне тығылып, «бірінші сен кір, сен кір» десіп, тұрып қалады. Сол кезде Нұрайша мен Света қағілездеу Бибайшаны итеріп кіргізіп жібергенде әнеугүні аудиторияда көрген мифтік бейненің алдына қалай түскенін өзі де түсінбей қалады. Одан соң Нұрайша мен Света да күлкіге тұншығып, ұмар-жұмар кіріп барады.
Шағын шай дастарханы жасалған столдың төрінде Светқали ақын отырады. Кәмнұр шай дастарханын айнала отырған қыздарды таныстырып болған соң «Ал, Сәке, өлең оқышы!» дегенде, ақын ағамыз көздерін алыс бір нүктеге қадап, оң қолымен аузын сәл көлегейлеп, арқыраған даусымен өлеңді төгілте жөнелді. Көздері от шашып, арқаланып кетеді. Үш қыз жыланға арбалған торғайдай, ақынның аузына қарап аңырып қалған. Кенет ақын өлеңін кілт тыйып: «Қарындас!» деп Бибайшаға от шашқан көздерімен қарап: «Қарындас, су беріңізші!» дейді. Света Бибайшаны түртіп қалады. Шошып кеткен ширақ қимылды Бибайша атып тұрып, ас бөлмеге жүгіріп барып, бір кесе су әкеліп, ұсынады. Әкелген суды басына бір-ақ көтеріп: «Рақмет, қарындас!» деді. Даусы жып-жылы естіледі. Түнімен өлең оқыған ақынды вахтер апаға білдірмей, таң алдында бөлменің терезесінен шығарып жібереді.
Нұрайша мен Света: «Ақынның көзі түсті!» деп, бірнеше күн Бибайшаны мазақтап жүреді. Қазақтың айтулы ақынына мүбәрәк саусақтарымен су ұсынуы тағдырдың ең жарқын бетбұрысы екенін сол кезде сезген де жоқ еді!..
3-курстың аяғында Жеңістің 40 жылдығы құрметіне Маңғыстау деген киелі мекенге келіп, Адайға келін атанып, небір сынақтардан өтеді. Қазақтың салт-дәстүрін қастерлеген ибалы келін атанып, үлкендердің ақ батасын алады. Дастарқаны жиылмайтын қонақжайлығы мен ұлы даланың кеңдігіндей пейілі тек алғысқа бөлейді.Өзі үлкен бір әулеттің келіні бола жүріп ғылымға да, қоғамға да айтулы үлес қосады. «Нұрдәулет әкемнің көкірегінде күмбірлеп кеткен жыр ділі мен ағам Болаттың көмейінде кеткен сөз бүрі маған маза бермейтін. Ақынның етегінен ұстау жазмышы бұйырғаны да сол жыр киесіне деген сағыныш шығар...» деген кейіпкеріміздің сөзінің жаны бар. «Ақынға жар болу оңай ма?» деп жатамыз. «Құдайшылығын айтқанда, ақынға жар болу, анау айтқандай, азап емес, қайта әйел үшін көп жеңілдік пе дедім. Дүние жинамайсың, мансап қумайсың, жоққа қайғырмайсың, үйіңе тек ақындар мен әнші, күйшілер қонақ болады, барымен базар деп, тапқаныңды дастарқанға қоясың, қонағың сынамайды, сөкеттемейді, керісінше, мадиықтап-мақтап кетеді. Балалар қарақанат болғасын, Алғаныңмен қол ұстасып, қайда той, қайда жиын сен де жүресің, ән, жыр, күймен сусындап, келелі әңгіме тыңдайсың, сол орта сені тәрбиелейді, шыңдайды, білім береді. Дос, туыс табасың. Абысын-ажын, көрші-көлем, қатар-құрбы арасындағы әжік-күжік әңгімеге араласпайсың, жаның таза, рухың шат, одан артық не керек?!», - дейді Бибайша бір әңгімесінде.
Бибайша – әйел затына тән ұсақ-түйек, дүние-мүлік, өсек-аяңмен шаруасы жоқ, тура сөйлейтін, рухы мықты қыз. Рухы мықты дегеннен шығады, сонау ызғарлы Желтоқсанды еске алса, көзіне жас алады. Арада отыз сегіз жыл өтсе де кімнің кім екенін танытқан, тарих үшін тәлімі мен тағылымы бар күрескерліктің үлгісі болған сол оқиға әлі де жанын қарып, көңілін мұзатады, жүрегін сыздатады. Желтоқсан десе, сол көңілсіз көріністер көз алдына келе қалады. Сол ызғарлы күні сабаққа келген студенттер топ-топ болып Брежнев алаңына қарай жүреді. Бибайшаның жанында Жанат Әскербекқызы, Қарлығаш Төленқызы, Нұрайша Бекеева сынды құрбылары да құлаққа түрпідей тиген жаңалықтан соң көңілдері жабырқап, талаптарын айту үшін алаңға қарай асыға адымдай жөнелді. Жастары жиырмадан асқан қаракөздердің қазақ болып туылғанына қаралай айыптыдай сезініп жүретін кезі еді. Отбасын құрғандары кішкентай сәбилерін құшақтап, жетім бұрышта дірдектеп жүргендерін, қазақ тілі үшін қорынғандарын ойлағанда бойларындағы қандары атойлап, Ұлттың ары үшін, елдің есесі үшін ешкімнен тайсалмады. Алаңда кешке дейін тапжылмастан тұрып, ұрандатып, жігерлі әндер айтып тұрғанда орталарынан сүйреп алып кетіп жатқан адамдарды «бермейміз» деп те арпалысқан сәттері де болды. Сүйектен өткен суықты елеместен таңды таңға ұрып тұруға бар еді, түнге қарай су тасымалдайтын машиналар шыға келіп, жастарға су шаша бастайды. Үстері қатырлап мұз бола бастағанда жанындағы досы: «Енді тұруға болмайды. Кетейік!» деп қолынан сүйрелеп ығы-жығы арпалыстың ортасынан алып шыққаны есінде. Ертесіне студенттер емханасында есін жиған Бибайша бойындағы шаранасынан айырылып қалғанын бір-ақ біледі...
Бибайшаның ғылымға икемділігін байқаған ұстаздары ҚазМУ-дың филология факультетіне жұмысқа қалдырады. Пәтерден пәтерге көшіп жүруге жағдайы болмай Бибайша Маңғыстауға қайтқанды жөн санайды. Светқалидың «Пионер» журналында жұмыс істеп жүрген кезі, ол сол журналда қала береді де, Бибайша ұшаққа отырады. Ұшақта ұстазы, ғалым Жансейіт Түймебаевпен қатар отырып қалады. Дәріс берген ұстазы таңданыспен сенім білдірген шәкіртіне «Бибайша-ау, сені университетке қалдырып едік қой, сабақ басталатын уақытта қайда бара жатырысың?» дейді. Сол кезде Бибайша Алматыда тұрудың оңай еместігін, тіркеуде еместігін, жалдаған пәтерінен қуылғандығын, елге келіп қызмет етуге бел буғандығын айтып береді. Жансейіт Қансейітұлы басын шайқап: «Ақындар қияли болады, ақынның сөзіне ермей, Алматыда қалғаның дұрыс еді, кез келген адам қала алмай жүргенде.., саған мүмкіндік берілгенде... сенің ауылға кеткенің қалай? Тіркеу деген не? Сол да сылтау ма? Көмектесетін едік қой!..» деп ұрсып қояды. Алматыдан Ақтау (сол кезде Шевченко) қаласына төрт сағатқа жуық ұшқан ұшақта ұстазы Бибайшаның Алматыда қалмағанына қынжылыс білдіріп келеді. Бір уақытта «онда Маңғыстаудың бір ауылында от басы, ошақ қасы болып қалып қоймай, орталықтан жұмыс ізде, қиналсаң, мына телефонға хабарлас!» деп үлкен қызметте істейтін туған ағасының телефонын жазып береді.
Маңғыстауға келген соң да бірден жұмыс табыла қоймайды. Барлық мектептерде қазақ тілі мұғаліміне сұраныс жоқ, бұрынғы кадрларымен толық екен. Жансейіт ұстазы айтқан телефонға хабарласады. Ол кісі «ана мектепке, мына колледжге барарсың» дегенмен, ол жерлерде қазақ тілінен сағат жоқ болып шығады (ол кез қазақ тіліне өте аз сағат бөлінген кез болатын), оның үстіне тіркеуде жоқтығы да алдынан шығып отырады.
Бәріне қолын бір сілтеп, Ералив (қазіргі Құрық) деген ауылға барып тұрақтайды. Ол жерде де мектептерден сағат таппай, Пионерлер үйінен үйірме жүргізеді. Бибайшаның ұйымдастырған көркем сөз оқу үйірмесіне ауыл балалары қызыға қатысады. Ұлттық рухта тәрбиелеуді мақсат еткен үйірме ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Бибайша қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруға атсалысады. Алғаш рет Наурызды тойлауға, қазақ тілін көтеруге күш жұмсайды. Келесі жылы Құрықтың №6 мектебі жұмысқа шақырады. Мектепте де алдыңғы қатарлы мұғалім болып көзге түседі. Жазған мақалалары, ұйымдастырған шаралары әсерлілігімен ерекшеленетін. Мысалға, бір ғана «Оқытуды халықтық тәрбиемен ұштастыру» деген мақаласы («Түлеген түбек» газеті, 14 мамыр, 1991 жыл) аймақ мұғалімдерінің, облыстық білім басқармасының қызығушылығын туғызып, алғыстарға ие болды.
Бір жылы қыста Бибайша Ақтаудағы мұғалімдер білімін жетілдіру курсына жіберіледі. Сол жылы Атырау университетінің Ақтау филиалы ашылып жатқан кез еді. Жансейіт ағаның Алматыдан қайтарда ұшақта айтқан сөзі есіне түсіп, сол оқу орнына хабарласады. Атырау университетінің Ақтау филиалының директоры ғалым-педагог Ақылбек Қабиұлы жаңадан ашылған оқу орнына ғылымға икемді оқытушыларды жинап жатқан кезі еді. Бибайша да түйіндемесін тапсырып, көп ұзамай сол филиалға қызметке орналасады.
Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы болып қабылданған Бибайша төрт жылдан кейін кафедра тізгінін қолға алады. «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс мектептеріндегі қазақ тілі» бакалавр мамандықтарын, магистратурасын, докторантурасын ашты. Ашылғанын айта салу оңай болғанмен, оның ар жағында қаншама қажырлы еңбек жатқаны айтпаса да түсінікті.
Ол кезде кафедрада ғылыми дәрежесі бар, атағы бар бірде бір оқытушы болмады. Біздің жас кафедрамызға ең бірінші ғылымды алып келген де Бибайша еді. Жас мамандардан өз ісінің білгірі болуды, шынайылықты талап етті. Қатал талап қойып, біздей жастарды ең алғаш ғылымға баулыды. Әлі ғылымның иісі мұрнына бармайтын ұжымға жан бітіруі еңбекқор жанның жанкешті еңбегі еді. Ұйымдастырған ғылыми семинарларында ғылыми мақаланы қалай жазу керек деген мәселе көп талқыланатын. Біздерге ғылыми жинаққа ғылыми мақала жазуды тапсыруы, ол мақаланы мұқият тексеруі, сын айтуы, қайта жазуға беруі бізге үлкен сабақ болды. Осылайша ғылымға баулып, кандидаттық диссертация тақырыптарын таңдап, ізденуге жол ашты. Аспирантураға түсуге кеңес беріп, Алматыға барып, ізденуді ұсынды. Осындай кеңестерінің арқасында аспирантурада да оқыдық, кандидаттық диссертацияларымызды да сәтті қорғадық. Университет ректорлары болған Е.Т.Божанов, Ә.С.Ахметов, Ә.Ә.Әбжаппаров, бірінші проректор болған С.С.Исабаева сияқты тұлғалардың қазақ тілін, ғылымға бет бұрған кафедра ұжымын қолдауының арқасында кафедра аяғынан нық тұрды.
Есенов университетінде қазіргі қазақ филологиясы кафедрасының ғылыми әлеуетін жүз пайызға дейін жеткізіп, кафедраны оқу ордасындағы ең алдыңғы қатарлы ұжымға айналдыруға бар қажыр-қайратын салған Бибайша Ілиясқызын ерекше құрмет тұтамыз. Оған ешкімнің таласы да жоқ. Он екі жыл бойы кафедра басқара жүріп ұйымдастырған мазмұнды конференциялары («Мәдени мұралардың танымдық негіздері», «Тіл. Қоғам. Заман» және т.б.) туралы айтсам, мақала көлеміне сыймас еді. Қай конференцияны ұйымдастырса да жоспар орындау үшін емес, нақты нәтижесі болу керек деген мақсат болды. Бибайшаның негізгі мақсаты қазақ тілін өгейсітпей, биікке көтеру болды. Шырылдап жүріп, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін қалыптасыру, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін қыруар жұмыс атқарды.
2001 жылдың 14 қарашасы күні Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай «Мемлекеттік тіл мәртебесі – тәуелсіздік кепілі» атты Батыс аймақтық ғылыми-практикалық конференциясы елді елең еткізеді. Конференцияға ҚР Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Ә.Қайдари, белгілі ғалымдар Ө.Айтбаев, Т.Сайрамбаев, Қ.Құрманалиев сияқты корифейлер шақырылды. Осы ұлы жиын мазмұнды да тағылымдылығымен көптің есінде қалды. Сол жылдары облыс әкіміне дейін тайсалмастан барып, тіл үшін өткір ұсыныстар айтуы елін, жерін шын сүйетін нағыз патриот екенін дәлелдей түскендей.
Университетке жыл сайын Алматыдан белгілі ғалымдарды, ақын-жазушыларды алдыруға мұрындық болды. Филология ғылымдарының докторы, профессорлар Р.Сыздық, Ә.Қайдари, З.Бисенғали, Ж.Манкеева, жазушы Ә.Кекілбаев, ақын Ф.Оңғарсынова сияқты корифейлерді шақырып, кездесулер өткізді, дәрістерін тыңдатты, жастарды ғылыми ізденіске бағыттап, жыл сайын кафедрадан бір-екі оқытушыны ғылыми тағылымдамаға, ғылыми конференцияларға жіберіп отырды. Ол кезде барлық іс сапар шығыны университет тарапынан өтелетін. Басшылық кім болса соны жібере қоймайтын. Сондай кезде ұжым мүддесі үшін оқу орны басшылығына дейін аяқтай кіріп, талап-өтінішін айта білген Бибайша Ілиясқызының батылдығына риза болатынбыз. Жалықпайтын, шаршамайтын қалпын көріп, күш-қуатты қайдан алады екен деп те ойлайтынбыз. Қандай істі бастаса да нәтижесіне жетпей тынбайтын табандылығына таң қаламыз. Ана бір жылдары университет ректорына ұжым наразылық білдіргенде де ұжым талабын жоғары жаққа өткір жеткізе білген де Бибайша Ілиясқызы еді.
Көңіліне берік бекіген басты мақсаттың бірі ғылым жолы екенін университетте оқып жүрген кезінен анық сезінген Бибайша кафедраны басқара жүріп, ылғи ізденіс үстінде болды. Ғылым әлемінің қиындығы мен қызығы, тауқыметі мен талабы оны Маңғыстаудың ақын-жырауларын зерттеуге жетелейді. Академик, аса көрнекті лингвист Рәбиға Сыздықованың сүйікті шәкірті бола жүріп, асыл сөздің құнарына қаныққан, жыр киесін қастерлей білді. 2000 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми кеңесінде академик Р.Сыздықтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация, 2008 жылы «Жыраулар поэтикасындағы дүниенің концептуалдық бейнесі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 2011 жылы «Тіл білімі» мамандығы бойынша министрліктің профессоры атағы берілді. Екі жүзге жуық ғылыми мақалалары мен баяндама мәтіндері министрлік бекіткен басылымдарда және республикалық, халықаралық ғылыми конференциялар жинақтарында, халықаралық Скопус базасына тіркелген журналдарда да бірнеше мақаласы жарияланды. Бірнеше республикалық, жергілікті ғылыми жобалардың жетекшісі болды. ҚР БҒМ бекіткен іргелі оқулықтың (Когнитивті лингвистика, 2011) және алты авторлық оқулық пен оқу құралдарының, бес монографияның, ғылыми жинақтардың авторы, он ғылыми-педагогикалық туындыларға авторлық куәліктері және жүзге жуық біліктілігін арттыру куәліктері мен сертификаттары бар. Биыл профессор Б.Нұрдәулетованың «Сакралды Маңғыстау» авторлық курсы халықаралық жаппай ашық онлайн курс (COURSERA) базасына енгізілді.
Б.Нұрдәулетованың ғылыми-зерттеу бағыттары қазіргі қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар (когнитивті лингвистика, ареалды лингвистика, лингвофилософия, этнолингвистика), қазақ поэтикалық тілінің қалыптасуы, жыраулар поэтикасы, қазақ орфографиясының мәселелері, латын графикасына негізделген қазақ жазуының мәселелері, тіл тарихын дәуірлеудің теориялық негіздері, сакралды мәтіндер тәрізді қазіргі тілтанудың өзекті мәселелеріне арналаған, ол осы саладағы зерттеу еңбектердің, магистранттар мен студенттерге арналған алғашқы және бірден-бір оқулық, оқу құралдарының авторы болып табылады. 2012 жылдан бері Ресей Жаратылыстану Академиясының корреспондент мүшесі.
Бибайша Ілиясқызы әр жылдары «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстанның ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен және ҚР БжҒМ Құрмет Грамотасымен марапатталды. 2012 жылы Түркіменстан мен Қазақстан арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды дамытуға ат салысқаны үшін Түркіменстан консулдығының Алғыс хатымен, 2016 жылы түркі халықтарына ортақ мәдени мұраларды насихаттауға ат салысқаны үшін Қарашай-Черкесск Республикасы Парламентінің Құрмет Грамотасымен, 2020 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне ҚР БҒМ Алғыс Хатымен марапатталды. «Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-нің ең үздік профессоры», ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жылдың үздік оқытушысы», Маңғыстау облысы бойынша «Жыл ғалымы» атағын иеленген кездері де болды.
«Арал-Каспий ғылыми-зерттеу орталығының» директоры болған жылдардан бастап Маңғыстау облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және зерттеу жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің тұрақты мүшесі ретінде осы саладағы ғылыми-зерттеулерге қатысты. Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Маңғыстау өлкесі бойынша елуге тарта ақын-жыраудың бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған немесе жарияланғандары мәтіндік қысқартулар мен өзгертулерге ұшыраған бес жүзге жуық поэзиялық шығармаларын жинақтап, жүйелеп, «Көне күннің жыр күмбезі» деген атпен «Жазушы» баспасынан шығарды. «Тіл таңбалы ақындар», «Қайыртпай кеткен Қашаған» т.б. жыр жинақтарының құрастыруға қатысты. 2012-2013 жылдары Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының сұранысы бойынша «Маңғыстаудың материалдық емес мәдени мұралары», 2014-2015 жылдары Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының сұранысымен «ХVIII-XIX ғасырлардағы Маңғыстау көркем мәтінінің текстологиясы мен тілі» тақырыбында ғылыми жобалар орындады. 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Маңғыстау облысының тарихи-мәдени мұраларын кешенді зерттеу» халықаралық кешенді экспедициясының ғылыми жетекшісі болды. Б.Нұрдәулетованың авторлығымен «Қырымның қырық батыры» жырлар цикліндегі Маңғыстау географиясы» (2012) және «Маңғыстау аймағындағы эпитафиялық жазбалар (Тас кітап)» (2022) тақырыбында екі деректі фильм түсірілді. ҚР БҒМ Ғылым комитетінің 2012-2015 жылдарға арналған ғылыми жобалар гранты негізінде «Қырымның қырық батыры» жырлар циклінің қазақ мәдениеті тарихындағы орны және ұлттұтастырушылық қызметі» тақырыбында ғылыми жобаның жетекшісі ретінде жоба жұмысын ұйымдастыру, үйлестірумен, ғылыми зерттеумен айналысты. 2020-2022 жылдары «Маңғыстау аймағындағы сакралды мәтіндердің концептуалды кеңістігі (жыраулық мәтіндер, эпитафиялық жазба мәтіндері, петроглифтер)» ғылыми жобасының ғылыми жетекшісі болып, отызға жуық ғылыми мақаласы халықаралық, республикалық ғылыми басылымдарда жарияланды, бірнеше авторлық куәлік алынды, бір деректі фильм түсірілді. Көрші түркі тілдес елдерге, Маңғыстаудың киелі жерлеріне экспедициялар ұйымдастырып, мәдени-тарихи мұраларға терең назар аударып, ескерткіштердегі таңбаларды тануға ұмтылған ізденістері, Маңғыстау ескерткіштерінің сакральдық ерекшеліктері бағытындағы зерттеулері көп құпияны ашып келеді.
Көзін тырнап ашқалы жыр тыңдап, сөз киесін бағамдап өскен, кейін Светқалидай ақынның жан жары болған Бибайшаға Маңғыстаудың ақын-жырауларын зерделеу аса қиынға соқпады. Бабалардан қалған асыл сөздерді, жыр-мұраларды қағазға түсіріп, асықпай парақтады. Бабалардың бойтұмары болған жыршылық, жыраулық өнерді дәріптей білді. Осы орайда екі жыл бұрын университетте «Дәстүрлі музыка өнері» білім беру бағдарламасын ашудағы орасан еңбегін атамай кету де әбестік болар еді.
Қазіргі таңда Б.И.Нұрдәулетованың жетекшілігімен 2023-2025 жылдарға арналған ҚР ҒЖБМ грантымен қаржыландырылатын «AP19680234 Маңғыстау топономастикалық ареалы: тарихи топонимия, топобейнелер және оларды интерпретациялау» ғылыми жобасы жүзеге асырылуда.
Белгілі ақын Светқали Нұржан мен зерттеушілік танымы терең ғалым Бибайша Нұрдәулетованың берекелі шаңырағында үш перзент дүниеге келді. Үлкен қызы Айсара Нұржан – кезінде «31», «Қазақстан», Маңғыстау телеарналарының тілшісі болған, қазір Маңғыстаудағы танымал психолог-коуч қызметінде, төрт баланың анасы, бір әулеттің отанасы. Екінші қызы Гүлмамыр Нұржан – Астана қаласында «Gulmamyr design» студиясы мен шоурумының директоры, Қазақстандағы танымал шоубиз өкілдерінің үйлерін әрлеген, қолынан өнер тамған талантты интерьер дизайнері, екі баланың анасы, адал жар. Ұлы Нысанмұрат Нұржан – Маңғыстаудағы жас бизнесмендердің өкілі, құрылыс саласында жеке кәсіптері бар, Светқали Нұржанның шаңырағын нық ұстап отырған атпал азамат.
Қырық жылға жуық уақыт бойы білім беру, ғылым саласында адал еңбек етіп келе жатқан Бибайшаның ұрпақ тәрбиесіндегі, білім берудегі, ғылымдағы еңбектерін тарқатып айтсам, бірнеше мақалаға жүк болар еді. Бір ғана мақалаға сүт қаймағын қалқығандай негізгі тұстарға ғана шолу жасасам да Бибайшаның тұлғалық қадір-қасиетін көрсете алдым деп ойлаймын.
Өмірі өнегеге толы, тағылымы терең, әр атқарған ісі үлгі, сөз киесі дарыған, туған тілдің тұғырын биіктеткен ұстаз-ғалым әлі күнге талапкер жастарды, жас ғалымдарды терең білімге баулып келеді. Өз ісіне шын берілген осы бір аяулы жанның ғылым-білім саласындағы ерен еңбегі шәкірттерінің білімі мен білігін, танымы мен талғамын дамытуда жалғасын таба бермек. Саналы ғұмырын ел руханияты жолына арнап келе жатқан әріптесімізге мықты денсаулық, ғылым жолындағы ізденістеріне сәттілік тілейміз.
Құрметті Бибайша Ілиясқызы! Алпыс деген жаңа белесіңіз құтты болсын! Еліңіздің құрметі мен ыстық ықыласына бөленіп, Светқали аға екеуіңіз ұрпақтарыңыздың қызықтарын көре беріңіздер!
Нағбду ҚАМАРОВА,
Yessenov University профессоры,
Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі