Кеше, 22 тамызда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Украинаның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Сергей Павленконы қабылдады. Кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастық, мұнай-газ өндірісі мен өнеркәсіп, сыртқы сауда байланысының дамуы талқыланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы Маңғыстаудың сыртқы сауда байланысында Украина маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етті. Биыл қаңтар-мамыр айларында Маңғыстау облысы мен Украина арасындағы сыртқы сауда айналымы 12,2 млн долларға жетті, былтыр бұл көрсеткіш 2,6 млн доллар еді. Экспорт 5,1 миллион долларды, импорт 7,1 млн долларды құраған. Бүгінде облыста украин капиталының қатысуымен экономиканың әртүрлі саласында 17 кәсіпорын жұмысын жүргізіп отыр.
Нұрдәулет Қилыбай екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған барлық бастаманы қолдауға дайын екенін жеткізді.
«Қазір Маңғыстау облысының мүмкіндігі кең және елде көлік-логистикалық әлеуетін арттыру шаралары аясында теңіз порттары дамып жатыр. 2025 жылға дейін Құрық портында «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы салынады. Осылайша, жүк, астық және әмбебап терминалдар, сондай-ақ көлік-логистикалық орталық арқылы Қазақстан порттарының өткізу қабілеті 10 миллион тоннаға артады. Сонымен қатар өңірдің туризмі де қарыштап дамуда. Осы орайда, біз, Маңғыстау өңірі мен Украина арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға дайынбыз», - дейді Нұрдәулет Қилыбай.