Бүгін Ақтауда достық үйінде «Мектепке жол» және «Алтын күз» атты қайырымдылық шаралары өтті деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазақстан халқы ассамблеясы «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып, аз қамтылған отбасыдан шыққан 100 оқушыға 15 000 теңгеден берді. Акцияның мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық уақытында тұрмыс жағдайы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларды қолдау.
- «Мектепке жол» акциясын Қазақстан халқы ассамблеясы жыл сайын өткізеді. Биыл біз 100 баланы қамтып отырмыз. Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының жанынан «Жомарт жан» орталығы ашылды. Сол орталық балаларға қолдау көрсетіп жатыр, - дейді Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасы қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Амангүл Джайылханова.
Акция қарсаңында қырғыз этно-мәдени орталығы «Алтын күз» мерекесін өткізді. Орталық мүшелері өз қолымен өсірген түрлі көкөністерді балаларға таратып берді. Бұл балаларды еңбекке баулиды дейді ұйымдастырушылар.
Бүгін «Мектепке жол» акциясы біздің «Алтын күз» мерекесімен қатар келіп жатыр. Өсіп келе жатқан балаларымыз келешекте ақылды, есті, білімді болуын тілейміз деді, - қырғыз этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Құрманәлі Разбеков.