Ақтаулық режиссер Қанат Майлыбаевтың «Жағалаудағы жалғыз ағаш» атты көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Туынды қаланың 60 жылдық мерейтойына орай арнайы түсірілген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кино туындысын жарыққа шығаруға 40-тан астам адам жұмыстанған. Аталған көркем фильм идеясының авторы - ақтаулық режиссер Қанат Майлыбаев. Фильмнің көрсетілімі барысында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали сөз сөйлеп, көркем фильм актерларына алғыс хат табыстады.
-Биыл Ақтау қаласына – 60 жыл. Шаһардың мерейтойына орай көптеген мәдени, спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Солардың қатарында «Жағалаудағы жалғыз ағаш» көркем фильмі де бар. Кино туындысының шығуына белсене қатысқан азаматтарға алғысымды білдіремін,- деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Көркем фильм режиссерінің айтуынша, кино көрсетілімінің басты мақсаты – өңірлік кино өнерін дамыту, жастарды шығармашылыққа баулу. Фильм режиссері Қанат Майлыбаев 20 күн ішінде түсірілген көркем фильм қаланың 60 жылдығына тарту екендігін жеткізді.
-Кино туындысы Ақтауда түсірілді. Фильмде ауылдан қалаға жұмыс істеуге келген жігіттің өмірі көрсетіледі. Осы фильмді халыққа тегін көрсетуді қолдаған Ақтау қалалық әкімдігіне алғысымды білдіремін,- деді режиссер Қанат Майлыбаев.
Сонымен қатар іс-шара барысында «Ақтауым» әніне түсірілген бейнебаянның тұсауы кесілді.