© kubnews.ru
Облыстық білім басқармасының Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің №30 жалпы білім беру ұйымының директоры жұмысқа конкурссыз адам қабылдаған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, бұл мәселе мектеп басшысы белгісіз себептермен ұжымның келісімінсіз 180-ге жуық мұғалімнің жеке құжаттарын беріп, Еуразия банкінен карта аштырған.
- Мектеп ұжымы Еуразия банкінен карта аштыруға қарсы болды және келіспеген еді. Ұжымның рұқсатынсыз барлық құжатты банкке не үшін бергенін түсіндірмеді. Мектеп басшысының үстінен жергілікті құзырлы органдарға арыз түсірілген болатын, алайда дұрыс жауап берілмей отыр. Неліктен мектеп басшысы лауазымдық қызметін асыра пайдаланады? - дейді мектеп мұғалімі.
Сондай-ақ мұғалімдердің сөзінше, басшы өз туыстарын қызметке қабылдаған.
- Мемлекеттен үнемделген қаражаттан берілетін сыйлықақының да теңдей бөлінетініне күмәніміз бар, - дейді мұғалім.
Ақтау қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша, арнайы құрылған комиссия зерделеу жұмыстарын жүргізген. Зерделеу барысында бір мұғалім конкурссыз қабылданғаны анықталған.
- Аталған мұғалім өз қызметінен босатылды. Осындай заңбұзушылыққа жол берген мектеп директорына сөгіс жарияланды. Алдағы уақытта жұмысқа қабылдау үшін қолданыстағы заңнаманы басшылыққа алу жөнінде нақты тапсырмалар беріліп, білім бөлімі тарапынан бақылауға алынады, - дейді қалалық білім басқармасы.