Ақтау тұрғындары теңіз жағасындағы әжетханалардың жұмыс істемей тұрғанын сынға алып, әкімдіктен оның себебін сұрады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тұрғындардың айтуынша, жұмыс істеп тұрған кей әжетханалар ақша алады, бірақ есіктері ашылмайды, тазалығы да көңіл көншітпейді.
«Ақылы әжетханалардың қағазы жоқ, тазалығын тіпті айтпай-ақ кояйық. Бағасы жоғары болғанымен, қызметі оған сай емес. Жауапты тұлғаға қоңырау шалғанымызбен, тұтқасын көтермеді. Осының барлығын қашанға дейін халық сұрап отыруы қажет? - дейді қала тұрғыны.
Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің айтуына қарағанда, қазір қала аумағындағы 7 стационарлық және 5 модульдік әжетханалар қызмет көрсетуші мекеме тарапынан күнделікті жуылып, тиісті қызмет көрсетеліп тұр.
«14-шағын аудан теңіз жағалауында орналасқан әжетхананың QR төлемақысы техникалық себептерге байланысты уақытша жұмыс істеп тұрған жоқ, қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қала тұрғындарынан қоғамдық әжетханаларда тазалық сақтауды сұрайды, - деп жауап берді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары.