Қазір Маңғыстау облысында 44 315 баланы қабылдайтын 376 мектепке дейінгі ұйым бар, оның 140-ы мемлекеттік, 236-сы жекеменшік. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде мектепке дейінгі ұйымдар 2-6 жас аралығындағы 42 818 баланы қамтиды. Сондай-ақ мектептердегі бастауыш сыныптарда 8 924 оқушы білім алуда. Мектепке дейінгі тәрбиемен барлығы 51 742 бала қамтылған. Кезекте 6102 бала тұр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазіргі таңда 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші өңірде 89,5 пайызды құрайды. Маңғыстау облысында білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасына сәйкес өткен жылы 2970 орын ашу жоспарланған еді. Жыл соңында 2656 орынға шақталған мектепке дейінгі 30 жеке ұйым (Ақтау-21, Мұнайлы-3, Жаңаөзен-3, Бейнеу-1, Түпқараған-2) ашылды.
Сондай-ақ, бұрын мемлекеттік білім беру тапсырысы берілген 19 жекеменшік балабақша (Ақтау - 9, Жаңаөзен-2, Бейнеу-1, Мұнайлы - 5, Түпқараған-2) 479 орынға кеңейтілді.
Облыстық жол картасына сәйкес биыл 4265 жаңа орын ашу жоспарланған.
Бүгінгі таңда ел бойынша балабақшаға бірыңғай кезек енгізіліп жатыр. Бұрын ол пилоттық режимде іске қосылса, қазір республика бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Балабақшаларға кезекке тіркеу және тізімді жылжыту процесін толық цифрландыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға септігін тигізбек.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында мектепке дейінгі ұйымдарда баланы есепке алудың бірыңғай базасы әзірленуде.
Маңғыстауда «Мектеп жасына дейінгі балаларды (6 жасқа дейінгі) мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама алу үшін кезекке қою» және «Мектепке дейінгі ұйымдарға құжаттарды қабылдау және балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау» мемлекеттік қызметтерін көрсету бойынша пилоттық жобаны іске асыру жоспарланған.
«2021 жылдан бастап облыста «INDIGO-Электрондық балабақша» ақпараттық жүйесі енгізілуде. «Бір кезек» деректер базасын пайдалану арқылы ақпараттық жүйені пайдалана отырып, келесі міндеттер орындалды:
-Кезекті есепке алудың бірыңғай деректер базасына жүйені интеграциялау аяқталды;
-Ақпараттық жүйеде төрт мектепке дейінгі ұйымды қоса алғанда, қызмет алушыларды таңдау үшін пайдаланушылардан дербес деректерді жинау механизмін енгізу аяқталды;
-Қазіргі уақытта төрт мектепке дейінгі ұйымды, соның ішінде тұрақты ұйымдарды таңдау үшін ата-аналарға сауалнама жүргізу жұмыстары жүргізілуде. Балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына орналастыру және қабылдау бойынша оңтайландырылған бизнес-процестерге сәйкес функционалды енгізу белсенді жүргізілуде, - деп хабарлады Маңғыстау облысының білім басқармасынан.