Түркістанда 18-19 мамыр күндері маңғыстаулық ақын-драматург Оңайгүл Тұржанның "Қаламқас" пьесасы сахналанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қойылымның басты кейіпкері ХVIII ғасырда өмір сүрген қазақтың батыр қызы - Қаламқас Еселбайқызы. Сондай-пқ спектакльде қызу талқыға түскен киік аулау мәселесі де көрініс табады. Себебі қазақ қашан да киіктерді өзіне жақын тұтып, аялап, киелі жануар санайды.
Спектакльдің қоюшы-режиссері, белгілі хореограф, өнертанушы мәскеулік Константин Семенов қойылымда драма, поэтика, музыка, анимация, пластика бір-бірімен үйлесім тауып, заманауи техниканың барлық мүмкіндігін пайдаланған. Спектакль кейіпкерлерін толығымен Түркістан музыкалық драма театрының актерлері мен балет әртістері сомдаған.
- Спектакльдегі Қаламқас жаугершілік жылдары ер азаматтардың орнын жоқтатпай, жұртына жау тигенде ауылдағы қыздарды өзі бастап, шайқасып, батырлығымен көзге түседі. Аштықта ауыл-аймақты киік аулап асырап аман алып қалады. Кезекті бір киік қуған аласапыран кезде қапыда Қаламқастың өзі де құздан ұшып мерт болады. Сол далада қызыл көйлекті қыз елесі аңшылардың алдын кес-кестеп, киіктерді қорғаштап жүреді деген аңыз бар. Бәлкім, бұл Қаламқас апаның рухы шығар? Қойылым осы оқиғаға негізделген. Ал қойылымдағы "Киіктер биі" арқылы дала жануары адамзатқа тіл қатқандай әсерге бөледі, - делінген "Маңғыстаумұнайгаз" таратқан хабарламада.
Қаламқас кен орнының 45 жылдығына тұспа-тұс келген бұл қойылымның премьерасына "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ-ның бастығы Мақсат Көмекұлы және қызметкерлері қатысты. Қаламқас кен орны қызметкерлері атынан поэма авторы Оңайгүл Тұржан мен Түркістан музыкалық драма театры ұжымына "Galleria Oner" студиясы суретшілерінің мұнаймен салған туындылары табысталды.