Облыс әкімдігінің телергам-арнасында қала тұрғындары өздері тұратын көпқабатты тұрғын үйде мәселенің көп екенін айтып, видео үндеу жолдады. Олардың айтуынша, құрылысшы мекеме берген уәдесін орындамаған. Одан бөлек аталған үйде қауіпсіздік ережелері де мүлде сақталмаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз – елдегі Ата заңның сақталуының кепілісіз. Сонымен қатар халық мүддесінің қорғанысыз. Сізге Ақтау қаласы тұрғындары өз мәселелерін айтып, оларды шешуге көмек сұрап үндеу жолдайды. Осы орайда Сот сараптамасы органы, Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы, қалалық архитектура бөлімі, Төтенше жағдай департаменті, облыс әкімдігі, қала прокуратурасы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті де жауап бергенін қалаймыз. Біздегі мәселелерге келер болсақ, құрылысшы мекеме ISG ЖШС өз міндеттеріне немқұрайлы қарап, толық атқармады. Мекеменің негізін қалаушы - Таги Тагиев. Қазіргі таңда біз тұратын үйде өрт қауіпсіздігі жүйесі жұмыс істемейді, төтенше жағдайдағы қосалқы есіктерге шығуға мүмкіндік жоқ, жедел жәрдем, өрт сөндіруші секілді арнайы көліктердің кіретін жері де ыңғайсыз жасалған. Төтенше жағдай орын алса қиындықтарға тап болатын тұрғын үйде қазір 1000 астам ересек пен бала өмір сүруде. Ал жауапты мекемелер заңдылықтардың сақталмауына қарамастан, ешқандай шара қабылдамай отыр,- делінген «MAEK-KUAT RESIDENCE» ТҮК тұрғындарының үндеуінде.
Сонымен қатар олардың айтуынша, бұл айтылғандар тек осы үйдің ғана емес, барлық тұрғындарда кездесетін мәселелер. Сол себептен олар Президенттің және қоғамның назарын аударып, құрылысшылардан зардап шеккен тұрғындардың мәселесін көрсеткісі келеді.
- Қазір ЖСҚ мен құрылыстың сәйкес келмеуі, жарнамалық ұсыныс пен атқарылған жұмыстың әр түрлі болуы, паркингтің, шатырдағы техникалық бөлменің, үй шатырының мақсаттан тыс дүниелерге қолданылуы және балалар ойын алаңының толық салынбауы секілді дүниелер көп. Бұл тек біздің үй тұрғындарындағы мәселе емес. Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев, тұрғындар қауіпсіз жерде өмір сүруі үшін үкімет елдегі заңға сүйеніп, құқығымызды қорғайды деп сенеміз. Өйткені аталған мәселелерді шешу біздің қолымыздан келер емес. Біздің тұрғындар сот көмегіне жүгінсе де, өз құқықтарын қорғай алмай отыр,- дейді тұрғындар.
Сонымен қатар видеода құрылысшы мекеменің сот шешіміне құлақ аспағандығы айтылған.
- Үйді пайдалануға беру актісінде қателіктер болса да қол қойылды, даудың барлығы сол сәтте басталды,- дейді олар.
Mangystaumedia.kz редакциясы аталған мәселені жауаптыларға жолдап, түсініктеме күтуде. Қосымша ақпарат құзырлы мекемелер жауабынан кейін жарияланады.