"Mondial du Fromage-2023" байқауынан екі жас кәсіпкер "Medina Saktaganiva Atelier" негізін қалаушы Медина Сақтағанова мен ешкі шаруа қожалығының фермері, «Жеті лақ» шаруа қожалығының жетекшісі, ірімшік шебері Александра Григолова елге жеңіспен оралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жас кәсіпкерлерді әуежайдан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Дастан Мұраталиев пен Маңғыстау облысының кәсіпкерлік палатасы директорының экономикалық сұрақтары жөніндегі орынбасары Аққу Айтжанова қарсы алды.
"Мondial du Fromage-2023" байқауында Түпқарағандық кәсіпкерлер күміс және қола жүлдегерлері атанып, Орталық Азиядағы ірімшік жасаушылардың Халықаралық Гильдиясына құрметпен және салтанатты түрде қабылданған алғашқы ірімшік жасаушылар болды. Бұл ірімшіктер енді әлемдегі жоғары сапалы ірімшіктердің қатарына енеді.
Айта кетейік, Александра Григолова облыстың қоғамдық өміріне белсене араласады. Сонымен қатар ол облыстық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі және Түпқараған ауданындағы «Бір ауыл бір жоба» жобасының жетекшісі.