Мұнайлы аудандық жедел жәрдем фельдшерлері Жанна Көкенова мен Әйгерім Тасым Жаңа Дәулет және Батыр ауылында жүкті әйелдерді үйде босандырып алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Маңғыстау облысы жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы» 103 диспетчерлік пультіне 16 қыркүйек күні сағат 11.01 де 3.4 "Шұғыл босану" жеделдік санатымен шақырту түскен.
Жедел жәрдем бригадасы шақыртуға 12 минутта жетіп, медициналық көмек көрсеткен. Сағат 11.35-те айы-күні жетіп тұрған жүкті әйел үйінде фельдшерлердің көмегімен 3кг 200 грам ер баланы дүниеге әкелген.
Жанна Көкенованың сөзінше әйелді босандырған соң облыстық периниталдық орталыққа жеткізген. Сондай-ақ Жанна Көкенова бұл сәби отбасындағы үш қыздан кейін туған ұл екенін атап өтті.
Ал бұдан бұрын 5 қыркүйек күні сағат 7.30-да дәл осындай шақырту Батыр ауылынан түскен. Жанна Көкенова қан қысымы көтеріліп, толғақ қысқан жүкті келіншекті аман-сау босандырып алғанын айтады. Екінші нәрестесін қолына алған тұрғынды облыстық перинаталдық орталыққа жеткізіпті.
18 жылдан бері фельдшер қызметінде жүрген Жанна мұндай шақырту жиі түсетінін айтады.
- Осы қызметке келгелі бері 34 әйелді үйде босандыруға қатыстым. Оның ішінде егіз тапқан әйелдер де бар. Әрине баланы өмірге әкелу оңай емес, сондай маңызды сәтте бүкіл жауапкершілікті алып, өз қызметімізді атқарамыз. Қан қысымы көтеріліп толғатып жатқан жүкті әйелдерді үйінде босандырдық. Ананың да, баланың да жанын аман алып қалу үшін барлығын жасаймыз, - дейді Мұнайлы аудандық жедел жәрдем фельдшері Жанна Көкенова.