13-16 қыркүйек аралығында "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының Семей қаласында орналасқан 5511 әскери базасында жауынгерлік және спорттық самбодан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының үш күндік чемпионаты өтті. Чемпионат 2016 жылғы 5 маусымдағы шабуыл кезінде әскери борышын адал атқарған және ерлікпен қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуға арналды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, 2016 жылғы 5 маусымда бір топ қарулы террорист Ақтөбе қаласының қару-жарақ дүкеніне және 6655 әскери бөлімінің әскери қалашығына шабуыл жасаған болатын. Өкінішке қарай 6655 әскери бөліміне жасалған шабуылға тойтарыс беру кезінде үш әскери қызметші ерлікпен қаза тапты. Олар: майор Даниэль Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев және қатардағы жауынгер Сапар Досбол. Осыған байланысты Ұлттық ұланның әскери қызметшілері арасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған самбодан Ұлттық ұланның біріншілігі өтті. Жарысқа "Оңтүстік", "Орталық", "Батыс", "Шығыс" өңірлерінің командалары, Астана қаласының 5573 әскери бөлімі, Қаракемер кентіндегі 6654 және Ұлттық ұлан академиясының жеті командасы қатысты.
Ұландар арасында ең мықтыларды анықтау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа 70-ке жуық спортшы қатысты. Үш күндік жарыстың қорытындысы бойынша бірінші командалық орын, Жоғарғы Бас Қолбасшы Кубогын "Батыс" өңірлік қолбасшылығының командасы жеңіп алды, екінші орынды 5573 елордалық әскери бөлімнің командасы, құрметті үшінші орынды "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының командасы иеленді.
Марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов жеңімпаздарға кубок, медаль, грамоталар және бағалы сыйлықтар табыс етті.
Ұлттық ұланның дәстүрлі чемпионатында "Батыс" өңірлік қолбасшылығының спортшылары 2018 жылдан бастап командалық есепте чемпион болып келе жатыр.